03 жел, 2020 сағат 12:35

Қазақстан Ресейден Байқоңыр аумағын заңсыз қалдықтардан тазартуды талап етті

Байқоңыр қаласының Ресей Федерациясына жалға берілген аумақтарында 1,9 млн тонна заңсыз құрылыс қалдықтары жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына орай ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Байқоңыр» кешенінің 5 алаңында (№9, 9Г, 9ТЗБ, 15Г және 20) рұқсат етілмеген орындарда орналасқан құрылыс және басқа да қалдықтар Ресей Федерациясына жалға берілген жер учаскелерінде орналасқан. 2018 жылы мүдделі мемлекеттік органдар қатарынан (ҚР ЭГТРМ, Байқоңыр қаласының әкімшілігі, Ресей федералды биомедициналық агенттігі) комиссия құрылды, рұқсат етілмеген қоқыс орындары мен жер учаскелерін орналастыру схемасы жасалды. Түзілетін қалдықтардың орындары, көлемі және олардың морфологиялық құрамы анықталды», - деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, жоғарыда аталған комиссияның жұмысын түгендеу актісіне сәйкес Байқоңыр қаласының аумағында рұқсат етілмеген жерлерде орналасқан қираған ғимараттар мен құрылыстардың және басқа да қалдықтардың жалпы көлемі 1,9 млн. тоннаны құрайды.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Байқоңыр қаласы Әкімшілігінің басшысына қала аумағын Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес келтіру жөнінде түбегейлі шаралар қабылдау туралы хат жолдады. Қазіргі уақытта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесіп, Ресей тарапымен осы мәселені пысықтауды жалғастыруда», - деді Асқар Мамин.