04 қаз, 2021 сағат 16:35

Қазақстан QazVac вакцинасын мұсылман елдеріне жібереді


Қазақстанда өнідірілген вакцина Біріккен Араб Әмірліктеріне және басқа да мұсылман елдеріне жібермек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Otarbiopharm» иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтика зауытына барған кезде айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Президент зауыт қызметкерлерімен әңгімелесу барысында жобаның маңыздылығын атап өтіп, отандық вакцинаның коронавирус індетіне қарсы күреске және халықтың денсаулығын күшейтуге зор үлес қосатынына сенім білдірді.

«Баршаңызды құттықтаймын. Шын мәнінде, бұл - үлкен жетістік. Еліміз үшін қажетті өндіріс. Негізгі жұмыс орындалды. Бәрі дұрыс. Келесі жылы осы жұмысты жалғастырамыз. Бұл вакцинаны Біріккен Араб Әмірліктеріне және басқа да мұсылман елдеріне жібереміз. Вакцинамыз дүние жүзінде мойындалып жатыр. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын! Ризашылығымды білдіремін. Бұл – өте күрделі процесс, өндіріс. Шын мәнінде, дүниежүзінде, шетелде мұндай өндіріс жасау үшін үш-төрт жыл кетеді. Біз тоғыз айдың ішінде жұмысты орындадық. Сондықтан еңбектеріңіз мемлекет тарапынан жоғары бағаланады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.