Қазір жыл сайын елімізде 400 мыңнан артық сәби дүние есігін ашады. Халқымыз 1 шілдеде 18 млн болады деп жариялаймын. Бұл туралы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Елбасы алдымен тәуелсіздік алған тұста елдегі демографиялық жағдай өте ауыр болғанын атап өтті.
«1991 жылы мен тәуелсіздік жариялаған кезде қазақтың үлесі 40%-дан асар-аспас болатын. Сондағы ойланған нәрсе сайлауға түскен кезде қанша дауыс алар едім деп қиналдым. Қазір қазақтың саны 70% асты», - деді ол.
Кейін Қазақстан президенті жағдайдың жақсара бастағанын алға тартты.
«Тәуелсіздік алған кезде 17 млн халық болған. Дегенмен түрлі тарихи жағдайға байланысты елімізге қоныстанған басқа ұлт өкілдері өздерінің атамекеніне көшіп кетіп, 14 млн болып қалдық. Құдайға шүкір қазір жағдайдың жақсаруына байланысты еліміз көбейіп келеді. Егер де бастапқы кезде 200 мыңнан астам бала дүниеге келетін болса, қазір жыл сайын 400 мыңнан артық сәби дүние есігін ашады. 1 шілдеде біздің халқымыз 18 млн болды деп жариялаймын», - деді Елбасы.