01 қыр, 2021 сағат 12:50

Қазақстан пандемия салдарын сәтті еңсеріп келеді – Тоқаев


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан коронавирус пандемиясының салдарын салыстырмалы түрде сәтті еңсеріп келе жатқанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Қазақстан мемлекеттік қарызы аздығының және едәуір қоры болғанының арқасында індет салдарын біршама тиімді еңсеруде. Бұл – біздің елеулі бәсекелік артықшылығымыз. Одан айырылып қалмауымыз керек", - деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.  

Алайда, оның айтуынша, соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайтып, Ұлттық қордан алынатын трансферттерді көбейту үрдісі пайда болған.


"Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз. Біздегі қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес.  


Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ережесін енгізуді тездеткен жөн. Бұған қажетті заңнамалық өзгерістер осы жылдың соңына дейін қабылдануға тиіс. 

Жалпы, елімізге мемлекет қаржысын, атап айтқанда, мемлекеттік қарызды, бюджет саясатын және Ұлттық қорды басқарудың ережелер жинағы қажет. Үкімет пен Ұлттық банктен жыл соңына дейін Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлеуді сұраймын", - деді Тоқаев.