Астанада Қазақстан мен Татарстанның іскер топтарының 200-ден астам өкілінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Оған 3-5 шілде күндері Қазақстанда жұмыс сапарымен болған Татарстан Президенті Рустам Минниханов қатысты.
Бизнес форумда сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин екі ел арасындағы тауар айналымының әлеуетін 1 миллиард АҚШ долларына жеткізу мүмкіндігі барын атап өтті. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметінен мәлім етті.
«Мемлекет басшысы Татарстанға биылғы маусым айындағы сапары барысында осындай тапсырма берді», - дейді А. Мамин.
2017 жылы Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда айналымы 700 млн АҚШ долларына жуықтады. Бұл, 2016 жылмен салыстырғанда 1,7 есе (425,3 млн. АҚШ доллары) көп.
Форум аясында мұнай-химия, машина жасау, қорғаныс өнеркәсібі, көлік және инновация саласындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. Бизнес-форум қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асырудың Жол картасын жасақтауға келісті.
Оның сыртында, ҚР Президенті Мемлекеттік басқару академиясы мен Қазан федералдық университеті, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Татарстан сауда-өнеркәсіп палатасы, «Astana Hub» ІТ-стартап халықаралық технопаркі мен «Іт-парк» жоғары технологиялар саласындағы технопаркі, «Семей автоқұрастыру зауыты» ЖШС мен «РариТЭК жөндеу-механикалық зауыты» ААҚ арасында ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойылды.
Татарстан Президенті Астанаға жұмыс сапары барысында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен Ислам қаржы ұйымы Саммитіне қатысты.