07 мау, 2019 сағат 14:17

Қазақстан мен Өзбекстанның парламентаралық байланысы нығая түсті - Нығматулин

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы парламентаралық байланыстардың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Өзбекстан парламентшілері арасындағы ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарын талқылап, Олий Мажлисі Сенат Төрағасы Нигматилла Юлдашевпен кездесті.

Келіссөз барысында заңнамалық тәжірибе алмасу мақсатында ынтымақтастықты жандандыру туралы келісімдер жасалды.

Мәжіліс Төрағасы өзбекстандық әріптесін ағымдағы жылғы 23-24 қыркүйекте Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» атты Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесіне қатысуға шақырды.

Н.Нығматулиннің айтуынша, форумға Өзбекстан парламентшілерінің қатысуы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің тағы бір дәлелі болмақ.

Бүгін Мәжіліс Төрағасы Шетелдік елдермен этнос аралық және достық қарым-қатынастар комитетінде бірқатар кездесулер өткізіп, Өзбекстандағы қазақ ұлттық орталығының өкілдерімен кездесті.

Қазіргі уақытта комитетте 34 достық қоғамы, 138 ұлттық мәдени орталық бар.

Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көп жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ықпал ететін Өзбекстандағы Қазақстан жылы бойынша өткізілетін шаралараға назар аударды.