25-26 ақпанда Өзбекстанда үкімет басшылары қатысқан қазақ-өзбек екіжақты байланыстар тарихындағы екінші аймақаралық ынтымақтастық форумы өткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараның тақырыбы – «Агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы аймақтық бизнес ынтымақтастығы».
Форум жұмысына Қазақстан делегациясы құрамында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қатысты.
Ведомство пленарлық отырыс қорытындысы бойынша Өзбекстан Экономика және өнеркәсіп министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі арасында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Стратегиялық әріптестік аясында біз бүгін министрліктер арасында Экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойдық. Ашық экономикалық, құқықтық және өзге де ақпаратпен, сондай-ақ тиісті заңнамалық актілердің мәтіндерімен, оларға енгізілген өзгерістермен алмасатын боламыз», - деп атап көрсетті Дәленов.
«Сөз жоқ, бүгінгі форум – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара ынтымақтастық пен берік байланыстарды орнықтыру жолындағы тағы бір қадам. Ол аймақаралық және шекарамаңы инвестициясы көлемін ұлғайтуға, Қазақстан мен Өзбекстанның іскерлік ортасы мен өңірлері арасындағы бизнестің өзара ынтымақтастығына серпін береді», - деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі басшысы іс-шарадан соң.