Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі қос азаматтыққа қарсы келісімнің не үшін әзірленгенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Комитет төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжановтың айтуынша, аталған құжаттың негізгі мақсаты – қос азаматтыққа жол бермеу. Бұдан бөлек, құжат рәсімдеу жұмыстары жеңілдей түседі.
"Негізгі мәселе, қос азаматтық дейміз ғой. Заңнама бойынша бізде қос азаматтық қарастырылмаған. Қытайда да солай. Өткен мамыр айында Қытайдың сыртқы істер министрлігінің өкілдері келген. Сол кезде біз олармен осы мәселені талқыладық. Біз 2014 жылдан бері қос азаматтыққа қарсы келісімді әзірлеп жатырмыз. Оны Қытай тарапына жіберген болатынбыз. Қазір олар да осы құжатты қарап жатыр", - деді Сейітжанов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.
Оның айтуынша, қазіргі жоба бойынша Қытайдан келген оралмандар Қазақстан азаматтығын алса, бұл туралы мәлімет бірден көрші мемлекетке жіберіледі.
"Қытай тарапы керекті белгі қойып, оларды өз азаматтығынан шығаратын болады. Енді, қазір оның бәрі қаралуда. Егер келісімді қабылдасақ, азаматтық алған адамдар жайлы ақпарат беруімізді сұрады. Қазір біз оның формасын, механизмдерін қарап жатырмыз. Берудің қажеті бар ма, жоқ па? Төлқұжатпен береміз бе? деген мәселе шешілуі керек. Мұны жұмыс барысында анықтаймыз", - деді Сейітжанов.
Маманның сөзіне қарағанда, Қытаймен арадағы келісім рәсімделсе, Қазақстан азаматтығын алғандар бойынша өзара ақпарат алмасу жеңілдей түседі.
"Қазіргі тәртіп бойынша қандастарымыз азаматтық алғаннан кейін Қытай елшілігіне барып, арыз жазуы қажет. Мәселен, бір адам Қазақстан азаматтығын алды делік. Содан кейін елшілікке барып, арыз жазады да, Қытай азаматтығынан бас тартады. Бірақ бұл кейбір азаматтар үшін қолайсыз. Себебі біреулер алыс жерде тұрады, ондайда барып-келу оңай емес. Осыған байланысты біз бұл тәртіпті жеңілдетуді қарастырып жатырмыз. Келісім рәсімделсе, қандастарымызға елшілікке барудың қажеті болмайды. Біз өзіміз ақпарат алмасатын боламыз", - дейді Сейітжанов.