25 қаң, 2022 сағат 16:25

Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық теңдессіз динамизмімен ерекшеленеді - Тоқаев


Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық теңдессіз динамизмімен ерекшеленеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – ҚХР» саммитінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің кездесуіміз шын мәнінде тарихи датаға – Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауының 30 жылдығына арналған. Біздің өзара қатынасымыздың тарихы ғасырлар қойнауынан тамыр алады. Біз тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың табысты тәжірибесін шынайы бағалаймыз. Құрметті төраға Си Цзиньпин, сіздің беделді әрі тиімді басшылығыңыздың арқасында Қытай Халық Республикасы өз дамуында таңғаларлық табысқа қол жетізді. Абсолютті кедейшілік түбегейлі жойылды. Экономикада тамаша серпіліс жасалды, ғылым жоғары деңгейге шықты. Бүгінде Қытай прогресстің барлық негізгі көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшылар тобына лайықты енді», - деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті қытай экспресі бұрын болып көрмеген жылдамдық алып, өзінің соңынан тек жекелеген елдерді ғана емес, сонымен бірге бүкіл өңірді сенімде жетелеп келе жатқанын баса айтты. 

«Олардың қатарына Орталық Азия мемлекеттері де кіреді. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық теңдессіз динамизмімен, жоғары сенім және шынайы тату көршілікпен ерекшеленеді. 2019 жылдың қыркүйегіндегі Қытайға мемлекеттік сапарым барысында елдеріміз арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы декаларацияға қол қойылды. Бұл оқиға Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашты», -деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.