23 қаз, 2017 сағат 14:18

Қазақстан мен Қырғызстан премьерлері Ереванда тағы да кездеседі - СІМ

ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Сапар Исаковтың Қазақстанға сапары аясындағы келіссөздердің негізгі бағыттары жайында айтып берді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Үкімет басшылары арасында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, сапар ресми әрі мазмұнды жағынан жоғары деңгейде өтті. Бішкектен үлкен делегация келгендігін атап өткен жөн», - деді министр.

Қ. Әбірахмановтың сөзіне қарағанда, қол қойылған хаттамаға сәйкес, Қазақстан мен Қырғызстанның Премьер-Министрлерінің бірінші орынбасарларының басшылығымен жұмыс тобы құрылды. Оларға бес күннің ішінде «Жол картасын» құру тапсырылды.

«Келіссөздер конструктивті дәрежеде өтті, яғни талқылауды қажет ететін мәселелелер жан-жақты қаралды. Қазақстан тарапы кезекті рет соңғы жылдары бірнеше мәрте көтерілген проблемаларға тоқталды. Бұл мәселе Қырғызстан арқылы Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне Қытайдан тауарлардың «сұрғылт» импортына байланысты болды», - деп түсіндірді Әбдірахманов.

Сонымен қатар қазақстандық тауарларды сатуға қатысты Қырғызстанда енгізілген шектеу шаралары талқылауға арқау болды.

Сыртқы істер министрінің айтуынша, екі елдің Премьер-Министрлері  ЕАЭО үкімет басшылары отырысы аясында Ереванда тағы да кездесетін болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Сапар Исаковтың кеңейтілген және шағын форматтағы кездесуі өтті. келіссөздер қорытындысы бойынша, тараптар 19 қазан күні сағат 00-00-де қазақ-қырғыз шекарасынан жүктері бар жеке тұлғалар мен тұрақты жүретін рейстік автобустардың, жеңіл көліктердің, жүк көліктерінің өтуінің басым бағыттарының тәртібін қамтамасыз ету жөнінде келісімге келді. 

Кездесулер барысында ЕАЭО пен ДСҰ нормалары мен тәртіптеріне сәйкес, шекара, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салықтық әкімшілендіру мәселелері қаралды.