Абу-Дабиде Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Бірлескен әскери комиссиясының кезекті отырысы өтті. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Комиссия отырысына ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы полковник Олжас Құсайынов пен Біріккен Араб Әмірліктері Қорғаныс министрлігі Халықаралық қатынастар басқармасының бастығы авиацияның бригадалық генералы Мұхаммад Әл-Мазруи қатысты.
Тараптар әскери білім беру, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау, жауынгерлік даярлық, әскери барлау және әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму көкжиегін талқылады», - делінген хабарламада.
Ақпаратқа сүйенсек, келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің қорғаныс ведомстволары арасында 2022 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойылды.