10 жел, 2021 сағат 16:10

Қазақстан мемлекеттілігін орната алды – РФ Дума төрағасының орынбасары


Ресей жұрты қазақстандықтардың жетістіктерін қуанышпен қабылдайды. Ресей Федерациясы Мемлекеттік Дума төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуков ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«30 жыл деген - салмақты белес. Жүріп өткен жолды қайта бір салмақтап, қорытынды шығаратын кезең десе де болады. Ресей Федерациясы Қазақстан аумағында жаңа мемлекеттің қалай құрылып жатқанын бақылап отырды. Халықтың бірлігі мен ұйымшылдығының арқасында, ел басшылығының даналығы мен көрегендегінің арқасында тарихи өлшемдегі қысқа мерзім ішінде Қазақстан егемендігі мен тәуелсіздігін алып, әлеуметтік-саяси тұрақтылыққа қол жеткізе алды. Экономикасын тұрақтандырып қана қоймай, халықаралық қауымдастықтың беделді, құрметті мүшесіне айналды. Біз қазақстандық достарымыздың жетістіктерін қуанышпен қабылдаймыз. Қазақстанмен одақтас қатынасымызды нығайту және дамыту, стратегиялық әріптестік пен интеграциялық байланысты тереңдету бағытын берік ұстанамыз. Нұр-Сұлтанның да осы бағытпен жылжып келе жатқанын көріп отырмыз», - деген ресейлік шенеунік екі елдің арасындағы ынтымақ коронавирус пандемиясын еңсеруде маңызды рөлге ие болғанын атады.

«Сексенінші жылдардың соңында, тоқсаныншы жылдардың басында бұрынғы КСРО құрамындағы елдердің бәрінің экономикасы тырығыққа тіреліп, байланыстар түгел күйреген еді. Назарбаевтың бейбітшілікті ту еткен және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар бастамасы Қазақстанға халықаралық аренада жоғары бедел әкелді. Бүгінде толық сеніммен айтуға болады, Қазақстанның мемлекеттілігі орнықты. Біз Қазақстан басшылығы көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатынын көріп отырмыз. Бейбітшілік пен келісімді сақтауға бағытталған саясатының арқасында әлем қауымдастығының толыққанды, бастамашыл мүшесіне айналды», - деді Александр Жуков.