Бүгін қазақстандық газды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан «Орталық Азия - Қытай» трансұлттық газ құбырына жіберу салтанатты рәсімі Астанадағы газ операторының бірыңғай диспетчерлік орталығында өтті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Рәсімге ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті Қайрат Шәріпбаев, «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директоры Рустам Сулейманов қатысты. Шымкент қаласы маңында орналасқан «Ақбұлақ» газ өлшеу стансасымен онлайн байланыс арқылы өткен рәсім кезінде қазақстандық газды экспортқа жіберу жүзеге асырылды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ газ тасымалдау және маркетингі жөніндегі вице-президенті Қайрат Шәріпбаевтің атап өтуінше, бұл тек газ саласының дамуына ғана емес, жалпы еліміздің экономикасын дамытуға да жаңа серпін беретін үлкен оқиға.
«Қазақстандық газдың Қытай нарығына шығарылуы Еуразиялық өңір елдерінің арасындағы сауда және көлік байланыстарын реттеуге, ортақ инфрақұрылым құруға бағытталған өзара тиімді қарым-қатынастар орнатуға ықпал ететін болады», - деді ол.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасында 5 млрд текше метр қазақстандық газды экспорттау туралы тарихи келісімшартқа қол қойылды. «ҚазТрансГаз» АҚ мен «PetroChina International Company Limited» компаниясы арасында сатып алу-сату шартына қол қойылды. Газдың ресурстық базасы ретінде Қазақстанның батысындағы газ кен орындары және «ҚазТрансГаз» АҚ басқаруындағы жерасты газ қоймаларында жинақталған газ қоры айқындалып отыр. Қытай тарапының газды қабылдау пункті ретінде «Қорғас» шекара бекеті белгіленді.
Қазақстан аумағындағы табиғи газды экспорттау маршруты 3 мың шақырымды құрайды, тасымалдау процессіне 10-нан астам компрессорлық станса жұмылдырылған. Қазақстандық газды Қытайға экспорттауға «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ және «Орталық Азия - Қытай» трансұлттық газ құбырының ресурстары пайдаланылатын болады.