05 нау, 2020 сағат 11:09

Қазақстан Қытайдан кейбір жемістерді алып келуді уақытша тоқтатты

2 наурыздан бастап Қытайдан сүйекті, шекілдеуікті және цитрусты дақылдарды алып келуге уақытша тыйым салды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аталған тыйымды енгізуге Қытайдан Қазақстан аумағына кіргізілетін өнімдерде «карантиндік объектілердің» жүйелі түрде анықталуы негіз болған.

«Фитосанитарлық шаралар жөніндегі Халықаралық стандарттың ережелеріне сәйкес ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті ҚХР-ның Бас кеден басқармасының атына карантинге жатқызылған өнімді алып келу кезінде халықаралық және бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптардың бұзылуы туралы нотификация жолдады. ҚХР карантиндік қызметі ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті жолдаған ресми хабарламаны қарастырып, әрекет ету шараларын күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, Қытай тарапы жүйелі сипатта орын алған бұзушылықтар жекелеген жеміс-жидек бақшаларының карантиндік объектілерге қарсы алдын алу шараларын жүргізбеулеріне байланысты екенін анықтады», - делінген хабарламада.

Айта кетсек, 2019 жылы Қазақстан аумағына Қытайдан карантинге жатқызылған өнімді алып кіруде 52 бұзушылық анықталды, оның ішінде 7 карантиндік организмдер, 22 фитосанитариялық сертификатсыз өнімді кіргізу жағдайы, 13 карантинге жатқызылған өнімнің орамасында маркировканың болмауы, 3 фитосанитариялық талаптардың бұзылуы, 4 фитосанитариялық сертификаттың сәйкессіздігі және 3 карантинге жатқызылған өнімнің тексеруге ұсынбау жағдайы.

Барлық көрсетілген жағдайда карантинге жатқызылған өнімді (12 мың тауар бірлігі) кері қайтару жүзеге асырылды. Сонымен қатар, 2 млн теңгеге 27 айыппұл салынды.