03 қыр, 2016 сағат 18:11

Қазақстан-Қытай: өзара сенімге құрылған серіктестік

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға жұмыс сапары шеңберінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.

Қытай Халық Республи­ка­сының Төрағасы Си Цзинь­пиннің арнайы шақыруымен G-20 («Үлкен жиырмалық») сам­митіне қатысу үшін осы елдің Ханчжоу қаласына кел­ген Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың жұмыс сапары сәтті басталды. Халқымыз үшін қа­сиетті саналатын жұма күні болған Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасының кездесуі әдеттегідей достық рәуіште өтті. Бұған дейін сан мәрте кез­десіп, екі жаққа қатысты көп­теген күрделі мәселелерді оң­тайлы шешіп, өзара сенім мен серіктестіктің озық үлгісін көрсетіп жүрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төр­ағасы Си Цзиньпин бұл жолы да ынтымақтаса жұмыс іс­теп, арадағы татулықты одан әрі нығайта түсудің маңыз­ды­лығына екпін берді.

Тарата айтар болсақ, келіс­сөз барысында өзара ынты­мақ­тастықтың, оның ішінде сауда-экономика, инвестиция, кө­лік-транзит, отын-энерге­тика, сондай-ақ, мәдени-гума­­ни­тар­лық салалардағы өза­ра іс-қи­мылды нығайту перс­пек­тиваларының кең ау­қымды мәселелері қарасты­рыл­ды. Бұдан бөлек, екі мем­лекеттің басшылары өңірлік және халықаралық күн тәр­тібін-
дегі бірқатар өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзинь­­пинге Қытайға жұмыс сапары­­мен келуге, сондай-ақ G-20 саммитіне қатысуға шақыр­­ғаны үшін алғыс айтты.

– Қытай ұйымға күрделі кезеңде төраға болды. Сіздер әзір­леген күн тәртібі даму­дың қазіргі кезеңінде өте өзек­ті. Бүгінде G-20-ның эко­но­микалық мәселелерге мән беруі бүкіл әлем үшін маңызды міндеттерді шешуге септігін тигізетін болады, – деді Қазақстан басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев ынтымақтастық ор­ныққан жылдарда Қазақстан мен Қытай арасындағы сенім­нің айтарлықтай нығая түскенін атап өтті.

– Біздің байланысымыз мем­лекетаралық қарым-қа­ты­настың үлгісі бола алады. Стратегиялық серіктес­тік­­тің үлгілі моделін құрып, эко­номикалық ынтымақ­тас­тықты жаңа деңгейге көтер­дік. Қазақстан мен Қытайдың үкімет­тері қол жеткен келісім­дер қорытындысы бойынша алға қойылған міндеттерді орындау жұмысымен белсене айналысуда. Биыл біз Қа­зақ­стан тәуелсіздігінің 25 жыл­дығын, ал келесі жылы ел­деріміз арасындағы дипло­ма­тиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтетін боламыз, – деді Елбасы.

Си Цзиньпин еліміздің жа­һан­дық үндесуге елеулі үле­сін қосып келе жатқанына риза­шылық білдіріп, Қазақстанның өңірдің және бүкіл әлемнің эко­номикалық дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Былтыр осы уақытта Бей­жіңде біздің кездесуіміз өтіп, оның қорытындысы бойынша қарым-қатынастың жаңа кезеңі туралы бірлескен декларацияға қол қойылған болатын. Қазір барлық саладағы екіжақты серіктестік қарқын алып келеді, оның одан әрі дамуы жолындағы міндеттер ай­қындалды. Біздің қарым-қатына­сымыздың орнағанына келесі жылы 25 жыл толатынын ес­кере отырып, өзара тиімді серік­тестікті одан әрі нығайта түсу қажет. Сондай-ақ, бірлескен күш-жігер арқылы адалдық, өзара сенім, ауызбіршілік және өзара көмек ру­хындағы қарым-қаты­насты қалып­тастыра отырып, стра­те­гиялық үйлесімді, өзара тиімді ынты­мақ­тастықты күшейте түсу керек, – деді ҚХР Төрағасы.

Тараптар алдағы саммит әлем­дік экономиканың бұдан арғы даму жолдарын айқындауда маңызды рөл атқарып, жаһандық экономикалық өсімнің жаңа қозғаушы күшіне айналады деп үміттенетінін білдірді.

Жалпы, Қазақстан мен Қы­тай арасындағы қарым-қатынас­тардың сауатты әрі салиқалы жүргізілуі екі жақтың өзара сеніміне селкеу түсірмей келе­ді. Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы сәт­терінен бастап еліміз Қы­таймен тату көрші болу бағытында көп­теген жұмыстар атқарды. Осы мақсаттағы жүзеге асырылған шаралардың әрқайсысының өзіндік маңызы зор. Бұл орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Еліміздің, келер ұрпақтың қамы үшін атқарылған осынау қажырлы қызмет әрбір қазақстандықтың пат­риоттық сезімін оятпай қоймайды.

Мемлекет басшысы еліміздің Қытайға деген қатынасын тәуел­сіз­діктің алғашқы кезеңінде-ақ бірден айқындап берді. Бұл біз үшін сәтті қадам болғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осылайша, Елба­сының Қытаймен арадағы ұзақ мерзімді тату көршілік, дос­тық және өзара әріптестік қатынас­тарды қолдап, кеңейте түсуі Қа­зақстанның сыртқы саясаттағы беделін биікке көтерді.

Қазіргі таңда Қытай Қазақ­стан­ды сенімді серіктес ел ретінде қарас­тырады. 1992 жылдан бастап екі мемлекет арасындағы орна­тылған дипломатиялық байла­ныс­тардың, барыс-келістің нәти­жесінде қол жеткізілген табыстар туралы ауыз толтырып айтуға болады. Бұл жетістіктер саясат, экономика, мәдени-рухани және басқа да салалар бойынша анық байқалады. Мәселен, бір ғана 2013-2015 жылдар аралығында тараптар аса маңызды 72 құжатқа қол қойыпты. Бұлардың бірқатары жалпы құны 56,7 млрд долларды құрайтын коммерциялық бағыттағы құжаттар. Сол сияқты, үкіметаралық, парламентаралық байланыстар да өз жүйесін тапқан. Әсіресе, сауда-экономикалық се­ріктестіктің ауқымы өсе тү­суде. Қытайдың статистикалық мәлі­метіне сүйене сөйлесек, 2015 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының көлемі 14,2 млрд долларды құраған.

Энергетика, атом энергетикасы, инвестиция, қаржы, жүк тасымалдау, ауыл шаруашылығы, мәдени-рухани салалар бойынша жүргізілген жұмыстар да жеткілікті. Мәселен, соңғы жылдары Қытайға Қазақстан астығын жеткізу көлемі артып келеді. Нақ­тылай айтқанда, 2013 жылы Қытай­ға елімізден 90,9 мың тонна би­дай жөнелтілсе, 2014 жылы бұл көр­сеткіш 251,1 мың тоннаға көбей­ген. Ал 2016 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында елімізден Қы­тайға 261,6 мың тонна бидай экспортталған. Бұл айтылған мысалдар екі мемлекет арасындағы байланыстардың тең жағдайда әрі жүйелі жүргізіліп отырғанын білдіреді.

Сонымен, келіссөздер қоры­тын­дысы бойынша екі мемлекеттің басшыларының қатысуымен 4 құжатқа қол қойылды. Олар:

– 2004 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкi­метi мен Қытай Халық Респуб­ликасының Үкiметi арасында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жөнiндегi комитет құру туралы келiсiмге толықтырулар енгізу туралы хаттама;

– «Нұрлы Жол» және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламаларын ұштастыру жө­ніндегі ынтымақтастық жоспары;

– Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына экспортталатын жылқы тұқымдас жануарлар үшін қойылатын карантин және денсаулығын қорғау талаптары жөніндегі хаттама;

– Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министр­лігі мен Қытай Халық Респуб­ли­ка­сының Сапаны қадағалау, инспекция және карантин бас басқармасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына экспортталатын соя бұршағы партияларына қойылатын фитосанитариялық талаптар жөніндегі хаттама.

Біз осы арада «Нұрлы Жол» және «Жібек жолының эконо­микалық белдеуі» бағдар­ла­маларын ұштастыру жөніндегі ын­тымақтастық жоспарына қатысты мәлімет бере кетейік. Құжатқа Қазақстан тарапынан Ұлттық эко­номика министрі Қуандық Бишім­баев, ал Қытай жағынан Даму және реформалар жөніндегі мемле­кеттік комитеттің төрағасы Сюй Шаоши қол қойды. Аталған Жос­пар екі ел арасындағы сауда-эко­номикалық ынтымақтастықты, инфрақұрылым, инвестициялар және сауда, өнеркәсіп, көлік және туризм салаларындағы екіжақты қатынастарды айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Та­рап­тар автожолдар салуға және Қазақстан аумағындағы автожол инфрақұрылымдарын жаңғыртуға, сондай-ақ, ҚХР – Еуропа және кері бағдар бойынша теміржол магис­тралін салу мен жаңғыртуға кәсіп­орындардың қатысуын белсенді түрде көтермелеуге ниетті. Одан басқа, құжат екі елдің аумағында, сол сияқты үшінші елдерде ло­гистикалық терминалдарды дамы­туда кәсіпорындарға қолдау көрсетуді көздейді, ал үшінші елдер Қазақстан мен Қытайдың экс­порттық-импорттық әлеуетін ұлғайтуға ықпал ететін болады.

Сонымен бірге, жоспар бойынша тараптар әуежайларға арналған инфрақұрылымды құрып, әуе қозғалысын басқару жөніндегі ын­тымақтастықты нығайтуға, ақ­парат алмасу үшін бірлесіп алаң­дар қалыптастыруға және екі ел­дегі әуе компанияларының бизнес жүргізуі үшін қолайлы орта жасау жұмысын жалғастыруға ниет білдірді. Оның үстіне, аталған құжат сауда саласын кеңейтуді, сауда құрылымын оңтайландыруды, сауда ауқымын ұлғайтуды, сондай-ақ, екіжақты сауда айналымында жоғары технологиялы өнімдердің үлесін арттыруды көздейді.

Қол қойылған жоспар шең­бер­інде, Қазақстан мен Қытай индус­трияның жаңа буын биотехнологиясы, энергияның жаңа көздері және жаңа материалдар сияқты салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Екі мемлекет инжиниринг техникасы мен автомобиль өнеркәсібін өндіру саласындағы ынтымақтастық ау­қымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, құжат туризм мен ком­муналдық шаруашылық және сумен жабдықтау жүйелері сала­сын­дағы инфрақұрылымды салу ая­сын­дағы ынтымақтастықты нығай­туға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін хабар­лағанымыздай, алдағы 4-5 қыркүйек күндері Қытайдың Ханч­жоу қаласында G-20-ның сам­миті өтеді. Оған 27 мемлекет­тен басшылар мен БҰҰ, ДСҰ баста­ған ірі ха­лықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының жетек­шілері қа­­ты­сады деп күтілуде. Қазіргі таң­­да Ханчжоу қаласы шетелдік құр­­­метті қонақтарды қарсы алу үстінде.

Негізінен, G-20 саммиті бұған дейін 10 рет ұйымдастырылған. Міне, енді «Үлкен жиырмалықтың» 11-ші саммиті ұйымның 2015-2016 жылдардағы төрағасы саналатын Қытай жерінде өтпек.

G-20 саммиті өтетін Халық­аралық «ЭКСПО» орталығының құ­ры­­лысы 8 айда аяқталыпты.  Ау­мағы 15 мың шаршы метрді алып жат­қан ғимарат анадайдан көз тар­тады.

Қытай жағының осынау алқа­лы жиынды өткізуге барынша дайын­далғаны анық байқалады. Бұған біз Ханчжоу қаласын аралап, қа­ра­пайым тұрғындармен аудармашы арқылы тілдескенімізде көзіміз жете түсті. Шаһардың қарапайым халқына дейін G-20 жиынын на­сихаттауда. 4 мыңдай студенттен құралған еріктілер тобы жиынды ұйым­дастыруға белсенді түрде кө­мектесуде. Олар саммиттің табысты аяқталатынына, оның өз елдерінің болашағына оң әсерін тигізетініне сеніммен қарайды.

Айналаның барлығы «G20-CHINA-2016» жазуы бейнеленген дүниелерге толы. Қоғамдық кө­ліктерге, көрнекі жерлерге, тіпті, тұрғындардың киімдеріне дейін  аталған белгі жапсырылған.

Қытайдың көне шаһарларының бірі, Чжэцзян провинциясының ор­талығы 8 миллион тұрғыны бар, бүгінде әлем көз тігіп отырған Ханч­жоу қаласында тәртіп барын­ша күшейтілген. Визалық тәр­тіп өзгеріп, соның салдарынан мұн­да қыдырып келетіндер саны азайған көрінеді. Көлік қозғалысы біршама шектелген. Жүк көліктері қалаға саммит біткенге дейін кіргізілмейді. Біраз дүкендер мен мейрамханалар жабылған. 1 миллиондай тұрғын уақытша басқа жаққа көшіріліпті. Ал жаңа оқу мау­сымының басталу мерзімі 7 қыр­күйекке шегерілген. Бұл жағ­дай­лардың барлығы халыққа қо­лай­сыздық алып келгенімен, олар әлемдік деңгейдегі жиынның ма­ңы­зын ұғып, түсіністікпен қарауда.

Жолдыбай БАЗАР