17 қаз, 2017 сағат 17:21

Қазақстан Қырғызстанға 100 млн доллар көмекті қашан беретіні белгілі болды

Қазақстан келесі айдың ортасында Қырғызстанға 100 млн доллар көлемінде техникалық көмек көрсетуге дайын. Ол қаржы көрші елді Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарына сәйкестендіру мақсатында бөлініп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Кеден занамасындағы заң бұзушылық» деген тақырыпта өткен брифингте ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпаратBaq.kz порталына сілтеме жасап.

«Қазақстан Қырғызстанға Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сай келу үшін 100 млн доллар көлемінде техникалық көмек көрсетпек. Бұл бұрын талқыланған мәселе. Техникалық көмек ретінде кеден бекетінің жабдықтарын берсек пе деген сұрақ болған. Көктемде тиісті келісімшартты Қазақстан Парламеті ратификациялады. Біз аталған соманың 41 млн долларын ақшалай беруге дайынбыз», - деді ол.

Алайда министр 100 млн доллар көлеміндегі техникалық көмекті келесі айдың ортасында толық беруге мүмкіндік бар екенін алға айтты.

«Бүгін талқыланған (Үкімет отырысында – автор) осы жылдың бюджетін нақтылау туралы заң жобасында бұл мәселе толығымен шешілген. Жоғарыда аталған техникалық көмекті келесі айдың ортасында ақшалай толық мөлшерде беруге дайын боламыз. Аталған көмекті қабылдай ма, қабылдамай ма оны көрші ел (Қырғызстан – автор) өзі шешеді. Ол жақта келісімшарт ратификацияланған. Қалғанын уақыт көрсетеді» , - деді Бақыт Сұлтанов.