Қазақстан-Қырғызстан шекарасында карантиндік зиянкестермен зақымданған жемістің ірі көлемі анықталды. Бұл жайында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қазақстанның мемлекеттік шекарасының қырғыз учаскесінде кедендік, көліктік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылауды күшейту жөніндегі жоспарлы операция жалғасуда. Мәселен, қазанның 10-17-сі аралығында қырғыз тасымалдаушыларының 835 көлік құралы тексерілді және олардың әр сегізіншісінде Қазақстанның көлік заңнамасын өрескел бұзу анықталды. Нәтижесінде 5 млн 644 мың теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды. Фитосанитарлық бақылау күшейтілгеннен бастап 127 жүк көлігі тексеріліп, бұзушылықтың 20 фактісі анықталды. Кері қайтарылған өнімнің жалпы салмағы 202 тоннаны құрайды. Үш факті бойынша Комсток сымыры, Шығыс жеміс көбелегі және Азиялық жидек шыбыны сынды карантиндік жәндік анықталды. 16 қазанда Жамбыл облысына қарасты Қарасу шекаралық бақылау бекетінде Қырғызстаннан келе жатқан Volvo жүк көлігіндегі 20,6 тонна жүкті (құрма, гранат және жүзім) тексеру барысында Комсток сымыры зиякесі анықталды.
Дәл осы күні Жамбыл облысының Қордай шекаралық өткізу бекетінде Шымкентке келе жатқан Mercedes көлігіндегі 2,9 тонна көлеміндегі алманы тексеру барысында Шығыс жеміс көбелегі табылды. Сонымен қатар 16 қазанда Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Барыс учаскесінде Алматыға апара жатқан 3 тонна жүзімнен Азиялық жидек шыбыны анықталды. Анықталған барлық жеміс-жидек Қырғызстанға кері қайтарылды.
Қырғызстан тарапынан фитосанитарлық талаптардың жиі бұзылуы анықталған жағдайда Қазақстанның фитосанитарлық қызметі Қырғызстаннан бақылауға жататын өнімдерді тасымалдауға және әкелуге шектеу енгізуге мәжбүр болады.