Қазақстан H5N8 қауіпті вирусы белгілерінің табылуына байланысты Ресей Федерациясымен шекараға шектеулер қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Министрліктің сайтында құс тұмауымен байланысты ерекше қауіп аймағы - Қазақстанның солтүстік-батысы екені айтылған.
«Осы жылдың 3-4 тамызында Ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау бойынша федералды қызметтің Челябідегі басқармасы аймақта анықталған құс тұмауы вирусының генетикалық белгілері туралы ақпарат таратты. Өлі құстардан алынған барлық сынамаларда H5N8 тұмауы вирусының кіші түрі анықталды. Құстардың барлық түрлері тұмауды тез қабылдайтыны белгілі. Бұл ауыл шаруашылық, синантропты және жабайы құстарға жылдам жұғатын әрі лезде тарайтын вирустық ауру. Сондықтан, құс тұмауының жаппай таралып кету қаупі бар», - деліген хабарламада.
Осыған байланысты, Увел ауданаралық ветеринарлық зертханасы, Челябі сынақ зертханасы және Владимир қаласындағы жануарлардың денсаулығын сақтау федералды орталығы жасаған диагноз негізінде, Қазақстан аумағында эпизоотикалық талаптарды сақтау мақсатында, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті 2020 жылдың 4 тамызынан бастап Челябі облысынан термиялық өңдеуден өтпеген құстарға арналған жемшөп қоспалары (химиялық және микробиологиялық синтездің қоспаларынан басқа), таксидермиялық өңдеуден өтпеген ауланған аң-құстар (тірі құстар, жұмыртқалар, құс еті және құс етінің барлық түрлері), сонымен қатар құстарды ұстауға, союға және кесуге қолданылатын құрал-жабдықтар әкелуге және тасымалдауға уақытша шектеулер енгізді.
Шекаралас аймақтардағы эпизотиялық жағдайды облыстардың ветеринарлық қызметі ерекше бақылауға алды.
H5N8 адамдар үшін төмен патогенді деп саналғанымен, ғалымдардың пікірінше, ол тез өзгеріске ұшырап, тұмаудың басқа түрімен ауырған жағдайда өлімге әкеп соғуы мүмкін.