07 сәу, 2021 сағат 15:01

Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша «қызыл аймақта» тұр

Қазақстан коронвирустың таралуы бойынша қызыл аймақта тұр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Коронавирусқа шалдығу Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Ақтөбе мен Алматы облыстарында өсіп жатыр. Науқастанғандардың жалпы санының 63 пайызы Алматы, Нұр-Сұлтан қаларының, Алматы облысының тұрғындары. Алматы қаласында ақпанда тәулігіне 100 жағдай тіркелсе, сәуірде 600 жағдайға дейін жетті. Нұр-Сұлтан қаласында ақпанда тәулігіне 100 жағдай болса, сәуірде 500 жағдайға дейін артып отыр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. 

Сонымен қатар ол Алматы облысында коронавирус жұқтыру көрсеткіші ақпандағы 70 жағдайдан сәуірде тәулігіне 270-ке жеткенін айтты. 

«Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы бір апта бойы тәуекелі жоғары, яғни «қызыл аймақта» тұр. Сонымен қатар тәуекелі жоғары аймақта еліміздің 7 өңірі бар. Олар: Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары, Батыс, Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды және Ақмола облыстары», - деді Алексей Цой.