2019 жыл – ғаламшардағы метеобақылау жүргізудің бүкіл тарихында ең жылы онжылдықтағы екінші жыл болды. Көптеген климатологтардың пікірінше, орташажылдық температураның көтерілуіне атмосферадағы көмірқышқыл және басқа да парниктік газдар құрамының артуы әсер етіп отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еnergyprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Парниктік газдар, және ең алдымен көмірқышқыл газ ғаламшардағы біркелкі климатты қалыптастырады: оларсыз орташа ауа температурасы -18 C болатын еді. Қазбалы отынды (көмір, мұнай және газ) жағудан ауада көмірқышқыл газ көлемі айтарлықтай артып, климаттың жылынуына себеп болады.
Ғаламшар тарихына тән климаттың өзгеруі мен түрлі климаттық кезеңдерге қарамастан, қазіргі кезде бақыланып отырған орташа температура өсімі жылдамдығы соңғы 2 миллион жыл барысында болған емес, деп хабарланды ағымдағы жылдың 28 қазанында өткен Green webinar (IGTIPC.ORG) атты климат бойынша ашық вебинарда.
Климаттың жылынуы ұзақ кезеңдерге созылғанымен қазіргі кезде бақыланып отырған ауа температурасының күрт көтерілуі соңғы елу жылда айқын байқалып отыр.
Бұл ретте 2016 жылы Қазақстан парниктік газдардың шығарылуын 2030 жылға қарай қысқартуға және жаһандық температура өсімін 2 C төмен ұстап тұруға бағытталған климат бойынша Париж келісімін бекіткен.
Қазақстан үшін халықаралық климаттық келісімдерді іске асыру өте маңызды, себебі «Қазгидромет» РМК мәліметінше, соңғы отыз жылдың ішінде Қазақстандағы климат әлем бойынша орташа көрсеткіштен екі еседей жылынған.