13 жел, 2022 сағат 13:40

Қазақстан халқының саны 19,7 млн адамнан асты


Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халық саны туралы нақтыланған мәліметтерді ұсынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бюро мәліметінше, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша ел халқының саны 19,7152 миллион адамға жетті, оның ішінде қалалықтар - 12,1691 миллион (61,7 пайыз), ауылдықтар - 7,5461 миллион (38,3 пайыз) адам.

Жыл басымен салыстырғанда халық саны 212 мың адамға немесе 1,1 пайызға өскен.

2022 жылғы қаңтар-қазанда республика халқының табиғи өсімі өткен жылдың қаңтар-қазанымен салыстырғанда (222,3 мың адам) 0,6 пайызға төмендеп, 221 мың адамды құраған. 1000 адамға шаққандағы табиғи өсімнің жалпы коэффициенті - 13,51 адам.

АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларында қамтылған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде 2022 жылғы қаңтар-қазанда туғандар саны - 333,1 мың адам, бұл - 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (375,9 мың) 11,4 пайызға аз.

Қаралып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны - 112,1 мың адам, бұл - 2021 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда (153,6 мың адам) 27 пайызға аз. Жалпы, өлім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 6,86 өлімді құраған.

2022 жылдың қаңтар-қазанында республикада 1 жасқа дейінгі 2684 шетінеген нәресте тіркелсе, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (3020 шетінеген нәресте) саны 11,1 пайызға азайды.

Ал, көші-қон қызметі ұсынған ақпаратты өңдеу нәтижесінде 2022 жылғы қаңтар-қазанда республикаға келгендер саны - 12 926 адам. Елден кеткендер саны - 21 875 адам.

ТМД елдерінен келгендер үлесі - 85 пайыз, кеткендер - 84,4 пайыз.

Ел ішінде қоныс аударғандар саны 3,2 пайызға өскен. Өңіраралық қозғалыстар бойынша республиканың үш облысында: Алматыда (30 388 адам), Астанада (29 086 адам) және Шымкентте (2 311 адам) халықтың көші-қонының оң сальдосы қалыптасты.