15 сәу, 2021 сағат 17:10

Қазақстан халқының саны 18 млн 917 мыңнан асты

Қазақстан халқының саны 18 млн 917 мыңнан асты. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2021 жылғы 1 наурызда еліміздегі халық саны 18 917,2 мың адамды құрады. Оның ішінде қалалықтар – 11 187,2 мың (59,1%), ауылдықтар – 7 730,0 мың адам (40,9%). 2020 жылғы 1 наурызбен салыстырғанда халық саны 245,3 мың адамға немесе 1,3 пайыз өсті», - делінген бюро ақпаратында.

Ведомство мәліметінше, 2021 жылғы қаңтар-ақпанда республика халқының табиғи өсімі 2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда (42,0 мың адам) 0,2 пайызға артып, 42,1 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда - 13,71 адам.

АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-ақпанда туғандар саны 65,7 мың адамды құрады. Бұл 2020 жылғы қаңтар-ақпанға (64,7 мың адам) қарағанда 1,6 пайызға көп. Туудың жалпы коэффициенті - 1000 адамға 21,41 туғанға тең.

Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны - 23,7 мың. Бұл 2020 жылғы қаңтар-ақпанға (22,7 мың адам) қарағанда 4,2 пайызға көп. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 7,70 қайтыс болғанды құрайды.

2021 жылғы қаңтар-ақпанда республикада 1 жасқа толмаған 517 нәресте шетінеген. 2020 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда сәби өлімі (583 шетінеген) 11,3 пайызға азайды.