11 жел, 2020 сағат 15:50

Қазақстан халқы Ассамблеясы Мәжіліс депуттаттығына кандидаттарды ұсынды

Бүгін, 11 желтоқсанда ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚХА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алқалы кеңеске Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыстар әкімдері – ҚХА төрағалары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ҚХА Кеңесінің мүшелері қатысты.

Күн тәртібінде Тұңғыш Президент – Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ еліміздің Тәуелсіздігін нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі қарастырылды.

Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы «Бүгін этносаралық қарым-қатынастарды дамытудың жаңа кезеңінің уақыты келді.

11 қарашада өткен Ассамблея Кеңесінде Елбасы этносаралық қарым-қатынас саласында жаңа инклюзивті саясатқа сұраныс барын баса айтты. Ассамблея Төрағасы алдағы уақытта қоғамның бірігу үдерістерін тереңдетуге бағытталған шараларды әзірлеу маңызды екенін тапсырды. 

«Қазақстанның этникалық және мәдени алуан түрлілігін –бәсекелестік артықшылыққа және елдің тәуелсіздігі мен дамуын нығайтуға арналған құралға» трансформациялау қажеттілігі белгіленді.

Бірлік пен келісімнің әлеуметтік капиталын нығайту, этностар арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа алаңдарын қалыптастыру, этникалық мәселені саясиландыруға жол бермеу, этникалық негіздегі кез келген жанжалды бейтараптандыру маңызды екенін көріп отырмыз. Бұл – барлық билік институттары мен азаматтық қоғамның мәселесі.

Биыл қысқа мерзімде еліміздегі этносаралық процестерді басқаруға қатысты әдістемелерді ауыстыруға бағытталған ауқымды жұмыс атқарылды. Олар институционалды түрде анықталған сипатқа ие болып отыр.

 

Ассамблеяның барлығы сенім білдіретін жалпы азаматтық, саясаттан тыс және жалпыхалықтық институт ретінде құрылымдық және сапалық тұрғыдан жұмысын қайта бастап жатқан жайы бар. 

Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның жақында өткен отырысында біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2020 жылы іске асырылуын қорытындылап, жұмыстың алдағы уақыттағы басымдық берілетін бағыттарын айқындадық.

Жаңа жағдайларды ескере отырып, бірқатар жаңа жобалар енгізілді, оны тәжірибелік тұрғыдан толық қамту және тереңдету бойынша арнайы Жол картасы әзірленді. Оның негізгі мәні – ұлттың бәсекеге қабілеттілікті арттыру» деп атап өтті.

Мемлекеттік хатшы қорытындылай келе: «Бүгін біз жаңа VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсынып отырмыз. Мемлекет басшысы Ассамблеяның XXVIII сессиясын шақыру туралы өкімге қол қойды, онда 9 депутат сайланады. Бұл сайлау алдағы жылдардағы этносаралық қатынастар саласында саясаттың тиімділігін қайта арттыруы тиіс. 

Ассамблеяның депутаттық корпусының жұмысын жетілдіріп, болашақтағы қызметі мен мақсат-міндеттерін қайта қарастыру күн тәртібінде тұр. 

Жаңа жағдайда дәстүрлі қалыптан шығып, жаңа жолдар қарастырып үйрену қажет. 

Сондықтан Ассамблея және Парламент алдында жақын болашақта тұрған міндеттерді тағы бір мәрте нақтылап, шешу керек деп есептеймін. 

Біріншіден. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Ұлттық жаңғырудың өзегіне айналуы тиіс. 

Екіншіден. Ұлттық жаңғырудың басында мемлекеттік тіл мәселесі тұруы қажет.

Қазақ тілі – әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан тілдердің бірі. Лексикалық және әлеуметтік базасы кеңейіп, жаңа қаріптік кескінге көшу алдында. 

80% түлектер қазақ тілінде БҰТ тапсырады, ал Абай тілінде сөйлейтін басқа этнос өкілдері таңсық емес. 

Біз бұрынғыдай қазақ тілін сақтау қажеттігі туралы мәселе көтермейміз. Қазақ тілі – елімізде ұлтаралық қарым-қатынас тіліне және біріктіруші факторға айналуы үшін барлық жағдай жасалған.

Бұл – біздің Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген ортақ, ауқымды еңбегіміздің жемісі. 

Үшіншіден. Қазақ халқының мемлекет құрушы субъект ретіндегі мәртебесін түсінуді нақты айқындау қажет.

Қазақ халқы басқа этностар үшін интеграцияның табиғи орталығына, ұлттың өзегіне айналуы керек. Сонымен қатар барлық этностар Қазақстанның болашағы үшін жауапкершілікті бөліседі. Бұл барлық сындарға жауап берудің және Тәуелсіздіктің 30 жылында қол жеткізген жетістіктерді дамытудың жалғыз жолы. Бұл түсінікті қоғамда тарату керек.

Төртіншіден. Ескірген көзқарастарды сақтай отырып, ұлттың модернизациялануы мүмкін емес. Пандемия жауапкершілік пен тәртіптің жоқтығын, кәсіби құзыреттіліктің, салауатты өмір салтының маңыздылығын көрсетті.

Бірақ, ең маңыздысы, еңбек – бұл ақша табудың міндеті емес, ең ұлы игілік, өзін-өзі толық тану, әлеуметтік қарым-қатынас және қоғамды мойындату мүмкіндігі екендігі белгілі болды. Ассамблеяның міндеті – еңбек, жауапкершілік, білім және кәсіби құндылықтарды белсенді насихаттау.

Бесіншіден. Биылғы оқиғалар COVID-19 аясында өрбіген инфодемия немесе этносаралық қатынастар тақырыбындағы жалған жаңалықтар болсын, халықтың дезинформацияға деген осалдығының жоғары деңгейін көрсетті. Бұл манипуляцияны алыс мақсаттар үшін мүмкін етеді және біздің міндетіміз – бұқаралық санада деструктивті өшпенділікке қарсы мәдени және ділдік қалқан құру»,- деді.

Отырыс соңында ҚР Конституциялық заңының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 87 бабы және ҚР Заңының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» 10 бабына сәйкес, ҚХА Кеңесі Ассамблеядан сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Ассамблеядан сайланатын 9 үміткерді ұсынды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі ұсынған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлер

1. АБДРАХМАНОВ Сауытбек Абдрахманұлы – ҚР Парламент Мәжілісінің VІ шақырылымының Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаты, ҚХА мүшесі. 

2. АМИРХАНЯН Аветик Рубенович – Батыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты, Батыс Қазақстан облыстық «Масис» армян этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі.

3. БУЛАРОВ Ильяс Юсупович – Жамбыл облысы Қордай ауданы Сартөбе ауылдық округінің әкімі.

4. ДЕМЕНТЬЕВА Наталья Григорьевна – «Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицей-мектебі» КММ директоры.

5. ЛИ Юрий Виссарионович – «Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасы» ЗТБ төрағасы, ҚХА Кәсіпкерлер Қауымдастығының мүшесі.

6. НАБИЕВ Вакиль Гусейнович – «Барбанг» күрдтер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті, ҚХА мүшесі.

7. ОСИН Шамиль Абзалетдинович – «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, ҚХА мүшесі.

8. ТОХТАСУНОВ Владимир Имтахунович – ««ЖетысуОблГаз» ЖШС Бас директоры.

9. ХАМЕДОВ Абилфас Муслимович – «Әзербайжандықтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі.

Еске сала кетсек, 2021 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында 9 Мәжіліс депутатын сайлау төртінші рет өтеді. 

2020 жылғы 10 желтоқсанда Мемлекет басшысы ҚХА сессиясын шақыру туралы тиісті қаулыға қол қойды. Сессия және дауыс беруді өткізу орны ретінде Бейбітшілік және Келісім сарайы белгіленді.

Егер Ассамблея мүшелерінің жартысынан көбі қатысса, сессия шешімі қабылданды деп саналады. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 504 мүшесі бар.

Әр сайлаушы – Ассамблея мүшесі – жеке дауыс береді.

Дауыс беруге қатысқан Ассамблея мүшелерінің 50 пайыздан жоғары дауысын жинаған кандидаттар сайланды деп саналады.