Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қол жеткізген нәтижемен шектелуге болмайды. Қалыптасқан ахуал әлі де күрделі. Коронавирус бүкіл әлемді жайлап келеді. Вирус жұқтырғандардың саны 3 миллионға жуықтады. Бұл көрсеткіш өсіп бара жатыр. Пандемияның екінші кезеңі басталып кетуі де ықтимал. Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ. Ахуалдың бақылаудан шығып кету қаупі бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, өкінішке қарай, кейбір аймақтарда, әсіресе, Алматыда вирус жұқтырған дәрігерлер және медицина қызметкерлері өте көп.
«Сондықтан, солардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдануда. Мәселенің анық-қанығын зерттеп, бұған жол берген басшылардың жауапкершілігін қарау керек. Мұндай жағдайларға жол бермеу қажет. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн. Онсыз болмайды. Олай етпесек, індеттің жаңа ошақтары пайда болуы мүмкін»,- деді ҚР Президенті.