ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитеті төрағасының бұйрығымен Еркін Шаймағамбетов «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК« АҚ Басқарма басшысы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жаңа басшыны ұжымға ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Азамат Батырқожа таныстырды. «Еркін Мұстафаұлы еңбек жолын «Байқоңыр» ғарыш айлағында бастады, 22 жылдан бері Қазғарыш жүйесінде жұмыс істейді, Аэроғарыш комитетін табысты басқарды. Жалғыз акционердің компания басшысы қызметіне тағайындалғаны туралы шешім 12 ақпанға тура келді. Оның мойнына Қазақстанның ғарыш технологиясын құру бойынша жауапты міндеттер жүктеледі. 65 жыл бұрын дәл осы күні «Байқоңыр» ғарыш айлағын құру туралы құжатқа қол қойылған болатын», - деп атап өтті вице-министр.
Еркін Шаймағамбетов министрлік басшылығына сенім көрсеткені үшін алғыс білдірді. «Байқоңыр – өмір мен білім жолындағы үлкен мектеп», - деп жауап берді ол.
Еркін Шаймағамбетов 45 жаста. 1974 жылы 7 маусымда Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тастүбек кентінде дүниеге келген.
Үйленген, ұлы бар.
1998 жылы «Ғарыштық ұшу аппараттары және үдемелі айдау блоктары» мамандығы бойынша Мәскеу мемлекеттік авиациялық институтын бітірді.
1998 жылдың наурызынан бастап Ғылым министрлігі - ҚР Ғылым академиясы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің «Байқоңыр» ғарыш айлағы басқармасында «Байқоңыр» ғарыш айлағы объектілерін пайдалану жағдайларын бақылау бойынша бөлімнің бас маманы (Байқоңыр қ.) болып жұмыс істеді. 1998 жылдың қарашасынан бастап аталған бөлімнің бастығы болып тағайындалды.
2005 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Аэроғарыш комитеті «Байқоңыр» ғарыш айлағы басқармасының бастығы болды.
2006 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
2007 жылдың 8 маусымынан бастап, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары болды.
2014 жылдың 1 қазанынан бастап ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2016 жылғы 7 қыркүйекте ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды.
2016 жылдың қарашасынан 2019 жылдың мамырына дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы болды
2019 жылдың маусымынан осы уақытқа дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі болып қызмет атқарды
Марапаттары бар: «Ерен еңбегі үшін» медалі (2005 ж.); «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі (2011 ж.).