27 мам, 2021 сағат 11:25

Қазақстан еңбек өнімділігі жағынан дамыған елдерден 5 есе артта қалып отыр - Ержан Біржанов


Қазақстан еңбек өнімділігі жағынан дамыған елдерден орта есеппен 5 есе артта қалып отыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан еңбек өнімділігі жағынан дамыған елдерден орта есеппен 5 есе артта қалып отыр. Еңбек нарығының ұсыныстары тарапынан оның өсуі үшін негізгі тежеуші факторлар мыналар: бірінші - жұмыс күші құзіреттілігінің төмен деңгейі. Ол еңбек нарығына қосылатын жастарға да, қазіргі жұмыс күшіне де қатысты. Бүгінгі таңда ересектердің 79 пайызы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында қарапайым дағдыларды ғана меңгерген», - деді вице-министр Мәжілісте жұмыскерлерді қайта оқыту және олардың дағдыларын тұрақты жетілдіру жөніндегі жаңа тәсілдерге арналған дөңгелек үстел отырысы барысында. 

Ержан Біржановтың айтуынша, екіншіден жұмыскерлердің дағдыларын дамыту үздіксіз жүргізілмейді. 

«Технологиялар өзгергенде, еңбек функциялары трансформацияланғанда еңбек ресурстары сол қалпына қалып отыр. Олардың дағдылары, әсіресе, өндірісті жаңарту кезінде жұмыс орындарына сай келмейді. Ересек тұрғындардың тек қана 17 пайызы өз біліктілігін арттырады. Айта кетер болсақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағалауынша, басқа мемлекеттерде осы көрсеткіш 47 пайызды құрайды. Сондықтан еңбек нарығында теңгерімге қол жеткізу осы жағдайларды ескеру қажет», - деді ол.