ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қаңтар-қарашадағы ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы Үкімет отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қабылданып жатқан шаралардың арқасында экономиканың базалық салаларында 11 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасының жақсарғаны және өсудің оң серпіні байқалып отыр. Өңдеуші өнеркәсіпте 3,3% өсу, оның ішінде тамақ өнімдерінің өндірісінде 3,6%, фармацевтикада 39,5%, дайын металл бұйымдарының өндірісінде 19,6%, машина жасауда 16,4%, оның ішінде автомобиль жасауда 52,6% және де қағаз өнімдерінде 14,6%, жеңіл өнеркәсіпте 15,5% өсу қамтамасыз етілген», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысын қорытындылай келе.
Құрылыс көлемі 12,1% ұлғайған, соның ішінде, пайдалануға берілген тұрғын үй 9,3% өсті немесе шамамен 12,1 млн шаршы метрді құрады. Ауыл шаруашылығында 5,3% орнықты өсу қамтамасыз етілді. Тау-кен секторының маңызды бағыттары бойынша оң серпін сақталып отыр, мысалы темір кенін өндіру 0,6%, басқа пайдалы қазбаларды өндіру 2,1% өсті.
«Бұл ретте ОПЕК+ ұйымымен жасалған келісімдерді орындау қажет болған жағдайда мұнай өндірудің төмендегені байқалады. Қызметтер секторы орнығып, біртіндеп қалпына келе бастағаны байқалады. Қазан айымен салыстырғанда қараша айында сауда-саттық - 17,1% пайызға, тұру және тамақтану - 10,5% пайызға, байланыс - 4,5% пайызға және тағы да басқа салаларында өсім тіркеліп отыр. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары өздері жетекшілік ететін экономика салаларында жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу жұмысын жалғастыруы қажет. Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы және де оны алдағы уақытта да сақтау – еліміздің экономикалық дамуының негізін жасауда», - деді Асқар Мамин.
Сөз соңында Үкімет басшысы мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар тапсырма берді.
«Өңірлердің әкімдері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы мен тарифтерді тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдасын. Бұл – аса маңызды мәселе және оның әлеуметтік маңызы зор. Бұл бағыттағы жұмысты ұйымдастыру үшін сіздерде барлық қажетті механизмдер бар. Бағаны тұрақтандыру мәселесін үнемі бақылауда ұстау қажет. Әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу және Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін барлық өңірлер әкімдері нақты шараларды қабылдауы қажет.
Жалпы, пандемияның елеулі әсеріне және жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақты екенін көрсетті, көрсеткіштер біртіндеп өсіп келеді. Бюджеттің кіріс бөлігі бойынша бекітілген жоспарды жыл соңына дейін 100% орындау қажет. Бюджетті атқару бөлігінде мемлекеттік органдар мен өңірлер қаржы жылының соңына дейін бюджет қаражатының толық әрі тиімді игерілуін тез арада қамтамасыз етуі қажет», - дейді Асқар Мамин.