27 қыр, 2018 сағат 12:34

Қазақстан БҰҰ ҚК-де: Ядролық қарумен күресте мықты халықаралық-құқықтық негіз қажет

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау: жаппай қырып-жою қаруын таратпау» тақырыбында жоғары деңгейдегі отырыс өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен және төрағалығымен өтті. Отырысқа Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің атынан Франция Президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбританияның Премьер-министрі Тереза Мэй, Ресей мен Қытайдың сыртқы істер министрлері Сергей Лавров және Ван И қатысты. Іс-шарада сондай-ақ Польша, Экваторлық Гвинея, Боливия, Кот-д'Ивуар, Кувейт, Нидерланды, Эфиопия, Перу және Швецияның мемлекет басшылары, үкімет басшылары мен министрлері болды.

Қазақстанның атынан сөз сөйлеген Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жаппай қырып-жою қаруын таратуға және пайдалануға қарсы күрес Қазақстанның сыртқы саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті.


«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық арсеналдан бас тарту және Семей ядролық полигонын жабу туралы батыл шешім қабылдады. Халықаралық қоғамдастық осы iс-әрекеттер бұрын-соңды болмаған және жоғары деңгейде қолдауға лайық деп танып, Семей полигоны жабылған - 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде белгіледі», - деді министр.

2018 жылдың қаңтарында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының басты іс-шарасы ретінде жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы сенім шараларына арналған кездесу болғаны мәлім. Президент Н. Назарбаев қаңтар айындағы кездесуінде, сондай-ақ «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде ірі ядролық державалар ядролық қарудан азат бейбітшілікті насихаттау бойынша бірінші қатарда тұрып, жаппай қырып-жою қаруын қысқарту үлгісін көрсете білуі қажеттігін атап өткен болатын.

Қазақстанның пікірінше, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) өзінің тиімділігі мен өзектілігін жоғалтпауы тиіс. Алайда, әлем үшін жаппай қырып-жою қаруымен күресте мықты халықаралық-құқықтық негіз қажет. ЯҚТШ-ның асимметриялық емес түрде жүзеге асырылуы ядролық және ядролық емес елдер арасында сенімді нығайтуға кедергі жасайды. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың ертерек күшіне енуі жаһандық таратпау архитектурасының маңызды әрі қажетті құрылымдық элементтерінің бірі болуы тиіс.

Өткен жылы МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкінің іске қосылуы еліміздің таратпау режимін нығайтуға және уранның бейбіт мақсатта қауіпсіз пайдалануына қосқан қосымша үлесі болды. Қазақстан АҚШ-қа, Еуроодаққа, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Кувейтке, Норвегияға және Ядролық қатерді қысқарту жөніндегі бастамаға (NTI) қаржылық қолдау көрсеткені үшін, сондай-ақ Қытай және Ресейге төмен байытылған уран және жабдықтарды Банкке транзиттеу бойынша ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.