ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тауар сүйемелдеу жүйесін құру мәселелері қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстан ұлттық тауар өткізу желісін — көтерме-тарату орталықтары кешенін (КТО) құру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бағаны бақылаудың жаңа деңгейіне өтпек. Осыған ұқсас жүйелер дамыған елдерде сәтті жұмыс істеп тұр, Франция, Испания және басқа да мемлекеттердің тәжірибесі егжей-тегжейлі зерделенді.
Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру жобасы 2022 жылға дейін үш кезеңде іске асырылады және 24-тен аса көтерме-тарату орталығы салынады. Бұл шамамен 4,8 млн тонна агроөнімді сақтауға, өңдеу мен таратуға мүмкіндік береді. Жасалып жатқан инфрақұрылым жиналған жеміс-көкөніс өнімдерінің толық сақталуын қамтамасыз етуге және шығынды азайтуға жол ашады. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді өз өндірісін ұлғайтуға ынталандырады. Бүгінгі таңда жеміс-көкөніс қоймаларының тапшылығы 70% құрайды.
Биыл Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында 5 көтерме-тарату орталығы іске қосылады, бұл қосымша 600 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сақтауға мүмкіндік береді» - деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы барлық өңірлерде дамыған көтерме-тарату орталықтары желісінің болуы маусымаралық кезеңдегі азық-түлік тапшылығы мәселесін де шешетінін, нарықта өнім жеткілікті болса, оның бағасы да өспейтінін атап өтті. Сонымен қатар, нақты құрылған тауарды өткізу желісі қажетсіз делдалдарды шектей отырып, цифрлық технологияларды енгізу арқылы әрбір кезеңде қосылатын бағаны бақылауға жол ашады.
«Көтерме-тарату орталықтарын іске қосқанда бірінші кезеңнің өзінде баға белгілеудің ашықтығы мен жаңа тиімді сауда механизмдерінің арқасында біз аграрлық өнім бағасы 25%-ға дейін төмендейді деп болжап отырмыз.
Сондықтан нақты мынадай тапсырма беремін: біріншіден әкімдіктер көтерме-тарату орталықтарына жер учаскелерін беріп, оларға қажетті инфрақұрылымды жеткізуді тапсырамын. Сондай-ақ кеңейту және жаңа өндірістерді құруға жеке секторды тарту мүмкіндігін қарастыру қажет. Сауда және интеграция министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, көтерме-тарату орталықтарының бірінші кезеңін іске қосуды қамтамасыз етсін. Үшіншіден Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен өнімді көтерме-сауда орталықтарына жеткізу мәселесін пысықтасын», — деді Мамин.
Айта кетейік, жобаны іске асыру жоспары туралы сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, Алматы облысының әкімі А. Баталов және Павлодар облысының әкімі Ә. Сқақов баяндады.