10 шіл, 2017 сағат 13:33

Қазақстан азаматтарын Сириядан шығару шарасы әскери операцияға айналды - ҚР СІМ

Бүгін Қазақстанның шет мемлекеттердегі құрметті консулдарының съезі барысында бірқатар дипломаттар марапатталды. Олардың ішінде Қазақстанның Сириядағы құрметті консулы Саид Наxас мырзаға ерекше алғыс айтылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Саид Наxас мырзаға ерекше алғысымызды айтайын деп едік. Себебі ол кісі Сириядағы қарулы қақтығыстар аймағынан Қазақстан азаматтарын шығаруға үлкен көмек көрсетті. Шыны керек, ол жұмыс оңайға соқпады. Қазақстандықтарды елге қайтару шарасы кәдімгідей әскери операцияға айналды. Өйткені сол кезде қарулы қақтығыстар қатты жүріп жатқан. Құрметті консулымыз қолда барын жасап, қарулы күзетке дейін тауып берді. Олар арнайы маршрут бойынша Сирияның қауіпті аймақтарымен жүрді. Жол-жөнекей қарулы оппозицияның бірнеше топтары арқылы өтуге тура келді. Сөйтіп, Бейрут пен Ливан арқылы Қазақстанға аман-есен жетті. Сол үшін Саид Наxас мырзаға шын алғысымызды айтамыз», - дейді ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің басшысы Ардақ Мәдиев.

Айта кетейік, бүгінгі шара барысында Чеxия, Хорватия, Италия, Германия, Украина, Молдова, Жапония, Солтүстік Африка мен Пәкістандағы Қазақстанның құрметті консулдары марапатталды. Барлығына «ҚР Дипломатиялық қызметіне 25 жыл» мерейтойлық медалі табысталды. Бүгінде Қазақстанның шет елдердегі консулдары инвестицияларды тартып, сан алуан мәселелерді шешумен айналысады.