21 там, 2025 сағат 14:02

Қазақстан азаматтары тегін қалай ауыстыра алады?


Фото: kazgazeta.kz

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әрбір азамат өзінің тегін (фамилиясын) өзгертуге құқылы. Текті қандай жағдайларда өзгертеді және қандай құжаттар керек? Бұл туралы толығырақ «Азаматтарға арналған» мемлекеттік корпорацияның Алматы филиалы айтып өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Текті өзгерту үшін қажетті құжаттар: өтініш, жеке куәлік немесе төлқұжат, туу туралы куәлік, неке куәлігі (егер некеде болса), балалардың туу туралы куәліктері (бар болса), мемлекеттік бажды төлеген түбіртек (1 айлық есептік көрсеткіш АЕК), ер адамдар үшін әскери билет көшірмесі.

Бұл рәсім азаматтың тұрғылықты жері бойынша Азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну арқылы жүзеге асырылады. Құжаттар қабылданған соң, өтініш АХАТ бөлімінде 30 күн ішінде қаралады.

«Текті өзгерту әртүрлі жағдайда орын алады. Атап айтсақ, өз қалауы бойынша, құжатта қате жазылған кезде, некеге тұру немесе бұзу кезінде, баланы асырап алу кезінде текті өзгертіп жатады. Алматы қаласы бойынша жыл басынан бері 2431 азамат тегін өзгертуге өтініш берді» ,дейді АХАТ басқармасының басшысы Баян Абдулланова.


Өз қалауы бойынша текті өзгертуге азаматтар 16 жастан бастап ата-анасының немесе қамқоршысының жазбаша келісімімен рұқсат ала алады.

Азаматтық хал актілеріне өзгеріс енгізіліп, азаматтың тегі өзгерген соң, жеке куәлік, туу туралы куәлік, жүргізуші куәлігі, көлік құжаттары, егер болса неке туралы куәлік, мүлікке байланысты құжаттар, банктік шоттар мен карталар өзгертілуі тиіс.

Айта кету керек, дипломдар мен аттестаттарды қайта рәсімдеу міндетті емес. Егер қажет болған жағдайда, азаматтарға нотариалды куәландырылған анықтама беріледі.