10 жел, 2018 сағат 15:18

Қазақстан астанасының ауысқанына 21 жыл толды

21 жыл бұрын 1997 жылдың 10 желтоқсаны күні сол кездегі Ақмола қаласы ресми түрде еліміздің елордасы атанды.  

1997 жылдың 10 желтоқсанында ҚР Президенті, Үкімет пен Парламенттің басшылары Қазақстан астанасы туралы ел халқына жолданған үндеуге қол қойып, ол баспасөзде жарияланды. Онда байтақ елдің орталығында осы күннен бастап және ғасырлар бойы халық тағдыры үшін түбегейлі маңызды шешімдер қабылданатыны айтылды. Сондай-ақ дәл осы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қала әкімі қызметіне Әділбек Жақсыбековті тағайындады. 

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, астанамызды Алматыдан Сарыарқа төріне көшіру туралы сындарлы шешімді 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдаған болатын. 

Сол бір күні Парламенттің сессиясында депутаттар алдында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астанамызды Алматыдан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшірудің қисындылығын атап өтіп, елорданы таңдау 32 өлшем бойынша жүргізілгенін тәптіштеп дәлелдеп берген еді. Осыдан кейін депутаттар арасында өткен тартысты пікірталастан кейін халық қалаулылары мемлекеттік істе  және  шеткері қалаға көшу мәселесінде жеке бастың мүддесіне орын жоқ екендігін жете түсініп, қайраткерлік таныта білді. Нәтижесінде Жоғарғы Кеңестің «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін» деген шешімі қабылданды. Осылайша еліміздің егемен тарихындағы айтулы оқиға жүзеге асырылды. 

Ал араға екі жыл салып 1996 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Үкіметі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы»  тарихи қаулы қабылдады. Бір жылдан кейін 1997 жылдың 20 қазанында ҚР Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» аса маңызды Жарлығы жарық көрді. Осы құжатқа сәйкес Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді және жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. 

1997 жылғы 8 қарашада Ақмоланың орталығында жаңа астанаға басты мемлекеттік символдардың жеткізілуі салтанатты жағдайда өтті. Осы күндері жаңа астанаға Президент Әкімшілігі, Үкімет, жетекші министрліктер мен ведомстволар қызметкерлерінің алғашқы тобы да келді. Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегіндегі» деген кітабында: «Мен Ақмолаға кетіп бара жатқан Президент Әкімшілігінің қызметкерлеріне ақ жол тіледім. Өз сөзімде астананы көшірудің бір маңызды қырына тоқталдым. Астананың қоныс аударуына байланысты іс жүзінде  биліктің өзін реформалаудың жаңа кезеңі басталды. Жаңа елордада мемлекеттік қызметшілердің тың толқынын қалыптастыратын боламыз. Бұл жұмысты орталық мемлекеттік органдар қызметкерлерінен бастаймыз. Бастапқы кезде қиыншылық болмайтынына кепілдік бере алмайтынымды айттым», - деп жазған еді. 

Бүгінде Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болды. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. 2017 жылы  «EХРО-2017» халықаралық көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастырды. 

Қазіргі уақытта 1 миллионнан астам тұрғыны бар елорда  «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» және «Байқоңыр» аудандарынан тұрады. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алса, 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі саналады.  

Өткен 21 жыл ішінде Астананың архитектуралық келбеті ғана емес, бас қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де адам танымастай өзгерді. Елордада бизнес қанат жайып, құрылыс саласы, қызмет көрсету, тауар айналымы мен көлік саласы қарқынды түрде дамыды. Мәселен, Астана қалалық Статистика департаментінің мәліметтеріне қарағанда, осы жылдар аралығында елорда бюджеті 77,5 есеге, 1997 жылғы 6,4 млрд теңгеден 2017 жылы 496,1 млрд теңгеге өскен. Жалпы ішкі өңірлік өнім 224 есеге өсіп, 1997 жылы 25,7 млрд теңге болса, қазіргі таңда 5 трлн теңгеге жетті, бұл көрсеткіштің өзі жан басына шаққандағы жалпы республикалық көрсеткіштен 2 есеге артық. Ал инвестицияның жылдық көлемі 1997 жылдан бері 50 есеге өсіп, 19,3 млрд теңгеден 956,9 млрд теңгеге жетіп отыр. 

Жалпы айтқанда, дәл осы 10 желтоқсан күні егемен еліміздің тарихында, Елбасының тағы бір стратегиялық маңызы зор идеясы жүзеге асты. Қазақ халқы Тәуелсіздіктің арқасында өз астанасын өзі таңдап, саяси-әкімшілік, мәдени-рухани орталығын белгіледі. Ал бүгінгі Астана өзге өңірлер бой түзейтін қала ғана емес, ел дамуының тірегіне айналды.