22 жел, 2020 сағат 17:45

Қазақстан әскерінде бұрынғыдай әлімжеттік жоқ – Қорғаныс министрі

ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде «Әскердегі әлімжеттік қашан жойылады?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазір біздің әскерде Кеңес заманындағыдай «Дедовщина» жоқ. 90-жылдардың басында болған шығар, бірақ қазір жоқ. Оның басты себептерінің бірі – қазіргі мерзімді әскери қызмет бір жылға ғана созылады. Яғни бұрынғыдай ысылған сарбаз, жас сарбаз деген түсінік жоқ. Барлығы бір шақырылыммен келеді немесе арадағы айырмашылық аса көп болмайды», - деп жауап берді Н. Ермекбаев тілші сұрағына. 

Сонымен бірге, министрдің айтуынша, қазір командирлерге ұжымдағы ахуалды қадағалап, жарғыдан тыс қарым-қатынасқа жол бермеу тапсырмасы міндеттелген. 

«Әрине, кез келген ерлер ұжымында ерегіс пен жанжалдар болады. Бірақ ересектеу сарбаздардың өзінен кейінгілерді қорлауы, жарғыдан тыс әрекеттерге мәжбүрлеуі секілді жүйелі көрініс жоқ», - деді Н. Ермекбаев. 

Бұған дейін Қорғаныс министрі тұрғындарға камуфляж реңкіндегі киім киюге тыйым салынбайтынын түсіндірген еді.