25 қар, 2021 сағат 10:23

Қазақстан әскери мүлікті Қырғызстанға жеткізіп беретін болды


Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісім 2021 жылғы 2 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында жасалған. 

«Келісім қырғыз тарапына әскери мүлікті, атап айтқанда, оқ-дәрілер мен арнайы жабдықты бір рет беруді көздейді», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев.

Оның айтуынша, Қазақстан тарапы әскери мүлікті Қырғыз Республикасының Қой-Таш елді мекеніне дейін автомобиль көлігімен жеткізуді қамтамасыз етіп, оған байланысты барлық шығысты өзі көтереді 

«Қырғыз жағы Қазақстаннан алған әскери мүлікті, оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермейді. Әскери мүлікті Қырғызстанға беру Қазақстанның жауынгерлік әзірлігі мен қорғаныс қабілетіне ықпал етпейтінін атап өту қажет», - деді Р. Шпекбаев.