ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу шаралары қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазіргі таңда Қытай Халық Республикасында жаңа коронавирустық пневмониямен науқас 42 638 адам тіркелгенін, оның ішінде – 1 016-i қайтыс болғанын және 3 996 емделіп шыққанын айтты.
«Әлемнің 27 елінде 448 адамда короновирустық инфекция расталды. Бұл ретте, Қытайдағы сырқаттың таралу қарқыны 31 қаңтар мен 9 ақпан аралығында 3,6 есеге төмендеді (22%-дан 6,1%-ға дейін). Сонымен қатар, басқа елдерде коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны 3,8%-27% аралығында.
Қытайдағы эпидемиологиялық жағдайдың қиындауына байланысты, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі елімізге коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша келесі шараларды қабылдады: Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің, елімізге әкелетін барлық өткізу пункттеріндегі санитарлы-эпидемиологиялық бақылауды күшейтү туралы қаулысы жарияланды; ҚХР-дан келген барлық адамдарды тұрғылықты жері бойынша мониторингтеу ұйымдастырылды. Бұдан өзге медициналық ұйымдардың науқас және ауруға күдікті адамдарды қабылдауға дайындық ретінде қосымша 4,5 мың қосымша төсек орны дайындалды. Жеке қорғаныш құралдарының, профилактикалау және емдеу заттарының қажетті қоры құрылды.
2020 жылдың 30 қаңтарында Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы қоғамдық денсаулық сақтауда халықаралық мәнге ие төтенше жағдай жариялады. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің барлық шекарасында санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту туралы бұйрығын қабылдады», — деді Е. Біртанов.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ағымдағы жылдың 27 қаңтарында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу шараларын үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды, оның құрамына барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері кірді.
Аталған комиссияның шешімімен:
-
Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді;
-
Кезең-кезеңмен жолаушылар тасымалы тоқтатылды (әуе, темір жол, автокөлік);
-
Үкіметтің резервінен қосымша қаржы бөлінді.
Республикамызда коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында мемлекеттік шекара арқылы өтетін барлық пункттерде ағымдағы жылдың 6 қаңтарынан бастап барлығы 260 885 адам, оның ішінде ҚХР-дан – 30 852 адам қаралды.
Бүгінгі жағдай бойынша дене қызуы жоғары және жедел респираторлық-вирустық инфекцияның симптомдары бар 140 адам емдеуге жатқызылды, оның 113-і емделіп шықты, 27-сі стационарда ем алуда. Емдеуге жатқызылған науқастардын ешқайсысында коронавирустық инфекция расталған жоқ.
Медициналық ұйымдар Қытайдан келген 23 059 адамды тұрғын жері бойынша 14 күндік бақылауға алды. 14 күндік инкубациялық мезгілдің аяқталуына байланысты Қытайдан келген 15 478 адам мониторингтен босатылса, 8 690-ы әлі де медициналық бақылауда. Ешқайсысында короновирустық инфекция тіркелмеген.
Ұлттық аса қауіпті инфекциялар орталығы Ұлттық биотехнология орталығымен бірлесе отырып коронавирусты жедел анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық жүйе әзірледі.
Осыған қоса, Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасынан диагностикалық тестілер алынды. Нәтижесінде, коронавирустық инфекция күдігімен емдеуге жатқызылған, және Ухань қаласынан эвакуацияланған барлық 313 адам арнайы зерттеумен қамтылды. Зерттеу қорытындылары теріс – коронавирус анықталған жоқ.
Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасының денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесе отырып Ухань қаласынан эвакуацияланған азаматтарымыздың денсаулығы бақылауға алынды. Олардың денсаулықтары қанағаттанарлық, араларында коронавирус анықталған жоқ.
Денсаулық сақтау министрлігі халық арасында ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмысын жасауда. Коронавирустық инфекция сұрақтары бойынша call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді.
Халықтың коронавирустық инфекциядан қорғануын қамтамасыз ету мақсатында:
1) Медициналық бақылауды жалғастыру, қажет болған жағдайда 14 күндік карантинге жатқызуды қамтамасыз ету қажет. Тиісті нұсқаулықтар денсаулық сақтау басқармаларына жіберілді.
2) Халық арасында короновирустық инфекцияның алдын алу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өз кезегінде Сыртқы істер министрлігінің коронавирустың Қазақстан Республикасының аумағында таралуына жол бермеу бойынша атқарған жұмыстары туралы баяндады.
Сыртқы істер министрлігі ҚР Президенті К. Тоқаевтың ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің атына коронавирусқа қарсы күресте Қытайға еліміздің барынша көмек көрсетуге және толықтай қолдау көрсетуге дайын екені туралы хатын жолдады. Сондай-ақ Қытайға медициналық қолғаптар (1 млн дана) және маскалар (500 мың дана) түрінде гуманитарлық көмек көрсету мәселесі пысықталды.
Бұдан өзге, дипломатиялық арналар арқылы түскен өтініштерге сәйкес ЕАЭО елдерінің 24 азаматын (18 Қырғызстан азаматы, 5 Беларусь азаматы және 1 Армения азаматы) әкетуге жәрдем көрсетілді. Бішкекке бірден жіберілген Қырғыз Республикасының азаматтарынан басқа, Нұр-Сұлтан қаласына келгеннен кейін азаматтардың барлығы карантинге жатқызылды.
Қытай тарапымен қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде «Эйр Астана» әуе компаниясының рейсімен 11 ақпанда ҚР 217 азаматы Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді, тағы 155 қазақстандық 2020 жылдың 12 ақпанында жеткізіледі.
Қытай тарапының өтініші бойынша 10 ақпанда «Эйр Астана» рейсімен Қазақстаннан ҚХР 43 азаматы және ҚХР Елшілігі мен ҚХР Бас консулдығының Алматыдағы коммерциялық емес жүгінің бірінші бөлігі тасымалданды. Екінші бөлігі жеткізіледі.
«Осы жылдың 10 және 12 ақпанында азаматтарды эвакуациялағаннан кейін Қытай аумағында ҚР 343 азаматы, оның ішінде біздің шет елдегі мекемелердің қызметкерлері мен отбасы мүшелері қалады», — деп хабарлады сыртқы істер министрі.
ҚР Елшілігі Білім және ғылым министрлігімен және ҚХР ЖОО-ларымен бірлесіп, қазақстандықтарды қажетті медициналық жабдықтармен және тамақпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр.
ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚХР-дағы ҚР-ның барлық шет елдердегі мекемелерінде ҚР азаматтарына кеңес беру үшін жедел желілер құрылған. СІМ мен ҚР-ның ҚХР-дағы мекемелерінің веб-сайттары арқылы, сондай-ақ түрлі әлеуметтік желілер арқылы (faceboоk, instagram, telegram, weibo, wechat және т. б.) ағымдағы жағдай туралы азаматтарды дер кезінде хабардар ету жүзеге асырылуда.
Бүгінгі таңда СІМ ұсынымы бойынша ҚР 450 азаматы Қазақстанға өздері оралды.
«Жоғарыда аталған шаралар қытай тарапымен тығыз байланыста жүзеге асырылуда, бұл Қытай аумағындағы ҚР азаматтарымен байланысты барлық мәселелерді конструктивті түрде шешуге мүмкіндік береді. ҚХР аумағындағы біздің азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге кедергі келтіретін ешқандай да проблемалар жоқ», — деп сендірді сыртқы істер министрі.
ҚХР-дағы ҚР Елшілігінде бар ақпарат бойынша, 2020 жылғы 11 ақпандағы жағдай бойынша ҚХР аумағында коронавирустың жаңа түрі тудырған пневмониямен ауырғандар арасында қазақстандық азаматтар жоқ.