02 шіл, 2021 сағат 14:17

Қазақконцерттің 60-шы мерейтойлық маусымы аяқталды


ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақконцерт мемлекеттік ұйымы 60-шы мерейтойлық концерттік маусымын тәмамдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тұтас маусымды қорытындылаған гала-концертте Айман Мұсаходжаева, Азамат Жылтыркөзов, Медет Шотабаев, Ерлан Рысқали, Салтанат Ахметова, Әлфия Кәрімова, Айзада Қапонова сынды танымал солистер өнер көрсетті. Сондай-ақ өнерсүйер қауым Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің орындауында үздік шедеврлерді тыңдай алды. Онда Украинадағы Днепропеторвск филормониясының көркемдік жетекшісі Айдар Торыбаев дирижерлік етті.

Концерттік бағдарламаға «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек», «Кармен», «Севильский цирюльник», «Иродиада» және басқа да опералардың ариялары енген. Сонымен бірге концертте Е. Хасанғалиев, С. Еркімбеков, Дж. Россини, И.Гайдн және В.А.Моцарт, Л. Бернстайн, Л.Хамиди сынды белгілі композиторларының туындылары шырқалды.

«Бұл маусымда жұртшылыққа ұсынған жаңалық аз болған жоқ.Алпыстың асуын бағындырып, игі дәстүр мен жаңашылдықты қатар ұштастыра білген Қазақконцерттің барлық жобалары биыл да халықты рухани сусындатып, баршаға қолжетімді болды. Мерейтойлық жыл аясында әртістеріміз көрермендерді онлайн және офлайн форматтағы іс-шаралармен қуантты. Атап айтқанда, 50-ге жуық офлайн және 100-ге тарта онлайн форматта жаңа жобаларды ұсынды. Оның ішінде қайырымдылық шаралар, ашық аспан астындағы қойылымдар мен концерттер бар. Биыл Қазақконцерттің шығармашылық әлеуеті жаңа бағытта дами түсіп, ұйымның әлеуметтік маңызы да арта түсті. Енді дәл осы қарқынмен жаңа концерттік маусымға дайындық жүргіземіз», - дейді концерттік ұйымның басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы. 

Айта кетейік, концертте коронавирус пандемиясына байланысты барлық санитарлық талаптар мен ережелер сақталды.