"Қазақконцерт" ұйымына КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың есімі берілді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Роза Бағланова Қазақконцертте 1960 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, 50 жылдан аса уақыт жемісті еңбек еткен. Қазақконцерттің негізін қалаушылардың бірі, ұйымның әншісі болып қазақтың ән өнерін дамытуға өлшеусіз зор үлес қосты.
Бұл қадам Роза Бағланова есімінің ұлт жадында, келешек ұрпақтың есінде мәңгі сақталуына және уақыт өткен сайын қайта жаңғырып отыруына елеулі үлес қосады деп білеміз", - деп жазды qazaqconcert-парақшасы.
Қазақконцерттің атауы ҚР Үкіметінің 17 тамыздағы қаулысына сәйкес ауысқан.
2022 жылы Роза Бағланованың туғанына 100 толуына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы әншінің есімін халық жадында мәңгі сақтау үшін шараларды қабылдауды тапсырғаны белгілі.
Ұйым басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы мәлімдегендей, Қазақконцерт ұжымы үшін бұл - өзекті тапсырма.
- Қазақконцерт тарапынан ұйымға Роза Бағланованың есімін беру мәселесін қарастыру жөнінде Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың атына хат жолданған болатын. Бұл игі бастаманы халық әртістері, Қазақконцерт құрамында өнер көрсетіп жүрген еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері, мәдениет үздіктері мен жас таланттар бірден қолдады. Олардың қатарында: Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Мұрат Құсайынов, Ақжол Мейірбеков, Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Айман Мусахаджаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағамбетова, Бағдат Самединова, Жеңіс Ысқақова, Құрмаш Махан, Азамат Жылтыркөзов, Ерлан Рысқали, Медет Чотабаев, Әміре т.б. орындаушылар бар. Аталған шара Роза Бағланова есімінің ұлт жадында, келешек ұрпақтың есінде мәңгі сақталуына және уақыт өткен сайын қайта жаңғырып отыруына елеулі үлес қосады деп білеміз, - деп жеткізді Жеңіс Сейдуллаұлы.
Роза Бағланова 1922 жылы Қызылорда облысында туған. 1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген.