Фото: azattyq-ruhy.kz
Тәуелсіз ел болғалы 30 жылдан астам уақыт өтсе де, елімізде қазақ тілін білмеу мәселесі әлі күнге дейін өзекті екені жасырын емес. Сарапшылар қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі артып келе жатқанмен, қолдану аясына қатысты мәселелер бар екенін айтады. Сондықтан қазақ тіліндегі контенттердің мазмұнын, сапасын арттыру керек деп есептейді.
Тіл мәселесін тереңірек қаузаған кезде ең әуелі мынадай сауал туындайды: қазақтар қазақша сөйлеуге ұяла ма, әлде орыс тілінде сөйлеу сәнге айналған ба? Кей мамандар мұны орыстандыру саясатының салдарымен байланыстырады.
Ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Ермұхамет Маралбек қазақ тілінде сөйлемейтіндердің көбеюі отарлықтың салдары деп айта салуға болғанмен, бірақ шын мәнінде олай емес дейді.
«Отар болған тек біз ғана емес, 14 республика түгел отар болды. Оларда да тілдік саясат ешкімді де күштемеді, дегенмен оларда ұлттық сана мен отбасындағы үлкендер өз ана тілінің сондай мәртебелі екенін түсінген және оны жастарға түсіндіре білген», – дейді ғылыми қызметкер.
Оның сөзінше, қазақ тіліне жаны ашитын адам, оны дамытқысы келетін адам ең әуелі өзінен бастауы қажет.
«Ұлт зиялылары «қазақ тілі құрып бара жатыр» деген секілді құр сөзді айта бергеннен гөрі, біреуі болса да өз кеңістігінде қазақ тілінде сөйлеуге, қазақ тілінің ғылыми әлеуетінің артуына, қазақ тілдегі ақпараттардың көбеюіне, қазақ тіліндегі заманауи құрылғылардың пайда болуына ықпал етпей жатса, бұл зиялылардың кінәсі. Міне, соның нәтижесі біздің бүгінгі ұрпақтар. Біз тек нәтижесін көріп, оның себебіне мән бермейміз», – дейді ол.
MNU Жоғары гуманитарлық мектебінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәлима Симбаева қазақ тілінде сөйлеуден ұялу қалыптасып қалған стереотип екенін айтады.
«Бұл жерде қазақ тілін менсінбеу деп біржақты айтуға болмас. Бірде супер маркеттегі сатушыдан сұраған едім: «қате орысша сөйлегенше, әдемілеп қазақша неге сөйлемейсіз» деп, сонда ол: «орысша қосып сөйлесек, ауылдан келгенімізді білдірмеуге болады» деп жауап берді. Содан бері мен көбінесе мұны стереотип деген ойдамын», – дейді ол.
«Калькасыз қазақ тілі» Telegram каналының авторы, филолог Назгүл Қожабек қазақ тілін көбісі керексіз көреді, ал қажеттілік болуы үшін әр азамат жүрген жерінде ана тілін бірінші орынға қою керек деп есептейді.
«Жоғары оқу орнында білімнің бәрі орысша, сабақ қана қазақша өткенімен, оқу құралдары көбінесе орысша болған соң, әрі «жұмысқа тұру үшін орысша білмесең болмайды» деген стереотиптің ықпалымен орысша сөйлеуге тырысады. Жастардың ұлттық санасы, «мен қазақпын, қазақ тілі бірінші тұруы керек» деген ойы қалыптаспайынша, жағдай өзгермейді», – дейді Назгүл Қожабек.
Тіл мамандары жастардың орысша көп сөйлеуі ақпараттық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілмеуінен және орысша контенттің біздің нарықта көп тарауынан деп түсіндіреді.
«Қазақ тіліндегі контенттер енді көбейіп келеді, көптеген ақпарат орыс тілінде қолжетімді, ал қазақ тілінде, мысалы, ғылыми еңбектерді табу қиындық тудырады. Ал мазмұнды, жақсы еңбектер ақылы. Қазақ тіліндегі хабарлардың мазмұны жақсартуды талап етеді. Сол сияқты себептер жетерлік. Егер тіліміздің тартымдылығын арттырып, көбірек ақпарат беріп, жарнамаласа, жастар да бет бұрар еді», – дейді Сәлима Симбаева.
Астана қаласындағы MNU университетінің 2 курс студенті Алмаз Сағындық кішкентай кезінде өз ортасына байланысты орысша сөйлеп кеткенін айтады. Ата-анасы мен мұғалімдері оның екі тілді де меңгеріп алатынына сенген. Алайда оның тек орыс тілі ғана дамып, қазақ тілінде сөйлеуі қиындай түскен.
«11-сыныпқа дейін орыс тілінде оқыдым. Оқу процесінде қазақ тілі мен әдебиет пәндері болды, бірақ шыны керек, олардың өткізілу сапасы аса жақсы деңгейде емес еді. Мұғалімдер тілді жақсы білетіндермен жұмыс істеді, ол балалар әрине жақсы нәтиже көрсете бастады. Ал мен оларға қарағанда қазақ тілі деңгейім төмен болғандықтан, олармен тең дәрежеде меңгере алмадым», – дейді Алмаз.
Оның айтуынша, қазақ тіліне деген қызығушылық өсе келе пайда болған. Қазір әртүрлі мүмкіндіктерді қолдану арқылы қазақ тілінде сөйлеуге жаттығып жүр.
«Мен үшін сол кезде қазақ тілінің қажеттілігі болмады. Себебі мені қызықтыратын қазақша контенттер жоқ еді. Сонымен қатар, туған тілінің маңызын аңғармағанмын. Есейген сайын, қазақ тілінің қаншалықты қажет екенін түсіндім. Өз болмысымды тереңірек түсінуге және осы әлемде өз орнымды табуға қатысты қазақ тілін үйрене бастадым. Бұл тек алдыма қойған мансап жолындағы мақсатым үшін ғана емес, рухани даму үшін де маңызды», – дейді 2-курс студенті.
Оның сөзінше, бүгінде ана тіліндегі тректер, фильмдер, клиптер, арттар, фанфиктер және т. б. көбейіп, өз мәдениетімізді тамашалауға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың айтуынша, егер біз қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейткіміз келсе, қазіргі заман сұранысына сай тілімізді электронды кеңістікке көшіруіміз керек. Екіншіден, оның ғылыми әлеуетін нығайту керек.
Сонымен қатар, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Қымбат Слямбек қоғам қазақ тілінде сөйлеуі үшін заң жүзінде мәселені қолға алу қажеттілігін айтты.
«Көп идеялар айтылды, ұсыныстар болды. Саяси қоғамдық салаларда қазақ тілі қолданылуға тиіс, міндетті деген нормалар болу керек. Бұл болмаса басқа ұсыныстар негізсіз. Заңдық тұрғыдан қазақ тілін қамтамасыз ету қажет. Сонда ғана қазақ тілі қолданыла бастайды», – дейді Слямбек.
Ақлима Болатқызы