Қосымшаны құрастырушы компания басшысының айтуынша, TezText журналистер жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.
"TezText iOS және Android-қа арналған сөйлеуді тану жүйелері мен бағдарламалаудың ең үздік жетістіктерін қамтитын бағдарламалық жасақтама, ол қазақстандық журналистердің кәсіби қызметінде қазақ тіліндегі аудиожазбаны мәтінге көшіріп, теруге көмектеседі. Бағдарламалық жасақтама елдегі қазақтілді журналистика саласына айтарлықтай көмек көрсетеді және қазақтілді медианарықтың цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтеді. TezText журналистердің қажеттіліктерін ескере отырып жасалған мобильді қосымша", - деді Galamat tech басшысы Абай Серғазиев.
Қосымша авторларының айтуынша, қосымшадағы тілдік модель журналистерге бейімделген, кәсіби терминдерді жақсы таниды. Сонымен қатар, қосымша айтылған ақпаратты нақты уақыт режимінде жазып, тани алады. Қосымшаны жасау үшін 10 мыңнан аса материал немесе 40 миллион сөйлем қолданылған.
Болашақта адам есімдері толығып, тыныс белгілерді қою мәселелері шешілмек. Сонымен қатар, қосымшаны қолданушыларға алдағы уақытта TezText қорына жаңа сөздерді енгізу құқығы беріледі.
TezText қосымшасының шығуына қолдау көрсеткен АҚШ елшілігі өкілдерінің айтуынша, бұл қосымша қазақ тілінің дамуына зор үлес қосады.
"АҚШ елшілігі қазақ тілін дамыту жолындағы жобаларға орасан зор мән беріп, үнемі қолдау көрсетеді. Бұл жоба да қазақ тілі мен оның дамуы үшін аса маңызды болмақ. Цифрланған тіл - мәңгі тіл", - деді елшіліктің өкілі Қарлығаш Жаманқұлова.
Қосымша авторларының айтуынша, жоба қазақстандық бірқатар органға ұсынылған, ал АҚШ елшілігі бірінші болып қолдау көрсеткен. Қосымша тек журналистерге арналмаған, оны қазақ тіліндегі аудионы мәтінге айналдыруды қажет ететін кез келген адам қолдана алады.
Еске салайық, биыл ақпанда Google Translate сервисінің енді қазақ тіліндегі дыбыстауды аудара алатыны хабарланды. 2014 жылы желтоқсанда Google Translate жүйесіне қазақ тіліне мәтіндік аударма жасау қосылған.