16 нау, 2018 сағат 16:39

Қазақ телевизиясы сыртқы ақпарат ағынына тосқауыл қоя білуі керек - Назарбаев

Астанада өтіп жатқан «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің салтанатты рәсімінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ телевизиясының хабар тарата бастағанына 60 жыл толуымен құттықтаймын. Бүгінде қоғам өмірінің тыныс-тіршілігін теледидарсыз көзге елестету қиын. Сондықтан, бұл отандық телевизияның мыңдаған қызметкерлерін ғана емес, қазақстандықтардың ортақ мерейлі мерекесі деп айтуға болады. Осы жылдарда сіздер республикамыздың күрделі өткені мен бүгінгі Қазақстанның сан-салалы, өзекті проблемаларын дер кезінде таспаға түсіріп, Отанымыздың бейнелі шежіресін жазып келесіздер. 1958 жылдың көктемінде ашылған Қазақстан телевизиясы бүгін де көптеген телеарналардан тұратын, мыңдаған кәсіби мамандар еңбек ететін, үздік техникамен жабдықталып, технологияларға арқа сүйейтін ауқымды салаға айналып отыр. Соның ішінде 60 жылдан бері көрерменнің үздіксіз көзайымы болып келе жатқан қазақ телевизиясының қара шаңырағы - «Qazaqstan» ұлттық арнасының алатын орны ерекше», - делінген құттықтауда. 

«Отандық тележурналистика ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, өз қатарын кәсіби мамандармен ұдайы толықтыруда. Олар өздерінің қауырт та қажырлы еңбегі арқылы қызығы мен қиындығы қат-қабат жауапты қызметтерін абыроймен атқаруда. Мемлекет өз тарапынан қазақ телевизиясының заман талабына сай дамуы үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда. ТМД аумағында баламасы жоқ «Қазмедиа» орталығының құрылуы - осының айқын дәлелі», - деді Елбасы.

Президент өз құттықтауында, еліміз рухани және әлеуметтік жаңғыруды жүзеге асыруға қызу кіріскенін, қазіргі таңда журналистерге жүктелетін міндет ауқымы өте үлкен екенін атап өтеді.

«Сіздер жаһандану дәуірінде сырттан ағылатын ақпарат ағынына лайықты тосқауыл қойып, көрермендер санасына өз ұлттық құндылықтарымызды дарытып, жастарымыздың бойына қазақстандық патриоттық сезімді қалыптастыруға, әлемге тәуелсіз Отанымыз туралы шынайы ақпарат таратуға, қызмет етуге тиіссіздер. Осы абыройлы міндеттерді жүзеге асыруда баршаңызға зор денсаулық пен бақыт, ізденімпаздық пен жаңа шығармашылық табыс тілеймін», - деп атап өткен Мемлекет басшысы.