Фото: ашық дереккөз
Қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, "Парасат" және "Отан" ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі, профессор Юрий Аравин өмірден озды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook желіcіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ult.kz.
Министр қайраткер тұлғаның отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттері мен әріптестеріне қайғыра көңіл айтты.
"Юрий Петровичтің есімі халқымыз үшін аса қадірлі. Ол қазақтың халық музыкасын кеңінен насихаттаған танымал тұлғалардың бірі еді. Ұлттық мәдениетке бар жан-тәнімен берілген азамат ретінде фольклорлық мұраларды жинақтау мақсатында көптеген ғылыми-шығармашылық экспедицияларға бастамашысы болды. Көптеген көне музыкалық туындыларды жаңғыртып, ғылыми жүйеге түсірді", - делінген жазбада.
Аида Балаеваның айтуынша, Юрий Аравин қазақ музыкасына, халық композиторлары мен ақындарының мұрасына арналған бірқатар телерадио бағдарламаларын жасады. Қазақ фольклорына шын жүрегімен ғашық, талантты музыкатанушы ретінде халқымыздың дәстүрлі музыкасының бай әлемін тыңдарманға жаңа қырынан танытты.
"Юрий Петрович өз өмірін өнерге, ұлт мәдениетіне арнап, тұтас бір шығармашылық буынды тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болды. Қайраткердің жарқын бейнесі, руханиятымызға сіңірген өлшеусіз еңбегі халық жүрегінде мәңгі сақталады деп сенемін. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", - деп жазды министр.
Министрдің көңіл білдіру постының астында жұртшылық профессордың қазақ өнері мен руханиятына қосқан өлшеусіз үлесін айтып, пікір білдіруде.
"Иманды болсын! Қазақ руханиятындағы орны ерек, ұмытпаймыз".
"Қазақ мәдениетін сүйген, дәріптеген, қазақтың әні мен күйін тынбай насихаттаған дос көңіл жан еді. Жаны көктен жай тапсын!"
"Жатқан жері жайлы болсын! Қазақ өнеріне мол үлес қосқан, нағыз жанашыр музыка зерттеушісі бола білген азамат еді".
"Бір дәуірдің мәдениетін зерттеуге ғұмырын арнаған нағыз өнерді түсінген шын асыл бола білді. Бар ынта-жігерімен мемлекеттің өнерінің дамуына өлшеусіз қызмет етті. Қазаның арты қайырлы болсын"
"Жарықтықты Жаратқан Йеміз алдынан жарылқасын.Ұрпақтарының өркендері өсе берсін", - деп жазды оқырмандар.
