Фото: Kazakh Everest Team баспасөз қызметі
Анар Бурашева мен Мақсұт Жұмаевтан құралған Kazakh Everest Team қазақстандық командасы әлемдегі ең биік Эверест шыңын (8848 метр) бағындырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Команда шың басына12 мамыр күні Непал уақытымен таңғы сағат 07:25-те жеткен.
"8 000 метрден жоғары биіктіктегі дауыл мен боран түріндегі күрделі ауа райы жағдайларына байланысты шыңды бағындыруға ниеттенген экспедициялардың көпшілігі бағытынан кері қайтты, тек бес елдің альпинистері Эверестке сәтті көтеріле алды. Олардың арасында біздің отандастарымыз бар – тарихта әлемнің ең биік шыңына шыққан тұңғыш қазақ қызы Анар Бурашева және еңбегі сіңген қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев, бұл оның Эверест шыңына осымен үшінші рет шығуы”, – деп мәлімдеді "Kazakh Everest Team" баспасөз қызметі.
Жалпы, "Kazakh Everest Team" командасының шыңға көтерілуі бес тәулікке созылды: 7 мамырда базалық лагерьден (5 350 м.) шығудан басталып, содан кейін біздің альпинистер I Лагерь (6 100 м.) арқылы өтіп, одан кейін II Лагерьге (6 400 м.), III Лагерьге (7 100 м.) көтерілді және IV Лагерьге (8 000 м.) жеткен соң одан әрі Эверест (8 848 м.). Анар Бурашева мен Мақсұт Жұмаев Эверест шыңында Қазақстанның байрағын желбіретті.
"Бүгін, 12 сәуірде Анар мен Мақсұт IV Лагерьде (8 000 м.) күрделі көтерілуден кейін төмен түсу үшін күш-қуатын қалпына келтіріп жатыр. Альпинистердің жағдайы қанағаттанарлық, бірақ күші сарқылып, базалық лагерьге түсу үшін біраз жинау керек болып тұр", – делінген хабарламада.