30 қар, 2017 сағат 18:29

Қазақ-қырғыз шекарасындағы Қордай әскери жасағы жаңа қалашыққа көшті

Жамбыл облысында Қордай шекара жасағының жаңа әскери қалашығы ашылды. Кешен аумағында 40-қа жуық қызметтік ғимарат пен 300-ден астам әскери қызметшіге арналған баспана орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекараны күзететін Қордай шекара жасағы бүгін қоныс тойын тойлап жатыр. Салтанатты шараға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Шекара қызметінің басшылығы, сондай-ақ аттас елдімекен мен Жамбыл облысы әкімдігінің өкілдері қатысты. Шара барысында Қордай шекара жасағының басшысына өзіне сеніп тапсырылған құрылымның символдық кілті табыс етілді.

«Ел Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасын орындау үшін Шекара қызметінің жауынгерлік қызметінің тиімділігін арттыру бойынша үлкен кешенді шаралар өткізілуде.  Жаңа бөлімшелердің тұрғын үй кешендері салынып, соңғы үлгідегі қару-жарақтар мен техникалар сатып алынып жатыр. Стратегиялық бағыттардың бірінде шекара күзету ісімен айналысып келе жатқан Қордай шекара жасағының әскери қалашығын ашу - соның жарқын дәлелі бола алады», - деді  ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов салтанатты шарада.

ҚР ҰҚК Шекара қызметінен мәлім еткендей, құрылысы үш жылға созылған Қордай шекара жасағының жаңа әскери қалашығында 40-қа жуық қызметтік ғимарат бар. Атап айтқанда, асханалар, казармалар, қоймалар, кино көруге арналған 350 орындық үлкен акт залы, шекара отрядының Жауынгерлік Даңқ мұражайы, кітапхана, психологиялық жеңілдеу бөлмелері, сондай-ақ түрлі жарыстар мен үйірмелер өткізуге арналған жеке спорттық кешен әскерилердің игіліне берілді. Мұнда шекарашылардың әлеуметтік жағдайына, ел шебінде адал қызмет атқаруына барлық жағдай жасалған.