20 қар, 2025 сағат 17:15

Қазақ қоғамындағы отбасылық дағдарыс: Ақын Беделханның пікірі талқылануда


Фото: Видеодан скриншот


Ақын Бақыт Беделхан журналист Қанат Тілеуханға берген сұхбатында қазіргі қоғамдағы отбасы, әйел рөлі және психологтардың әсері туралы өз пікірін айтты, деп хабарлайды Ult.kz.


Ол әуелі психологтардың тәрбиелік кеңестерін сынға алды. Ақынның айтуынша, соңғы жылдары отбасындағы тұрақсыздыққа кәсіби кеңестердің ықпалы бар.


“Әр нәрсе өз орнында болуы керек. 90-жылдардан кейін дін тарам-тарам болды. Кейінгі жылдары психологтар пайда болды. Соның кесірінен кеше ғана үйленген жастар ажырасып жатыр. Қызығы, ол психологтар еркектерге емес, көбіне әйелдерге айтады,” – деді ол.



Бақыт Беделханның пайымдауынша, кей кеңестер әйелдердің отбасындағы орнын өзгертті.


“Желіде, эфирде әйелдерді “өз қалауыңмен өмір сүр” деп тәрбиелеу көбейді. Ал қазақ отбасын ұстап отырған – әйел. Осы кеңестерді тыңдағаннан кейін отбасыда түсініспеушілік артады,” – деді ақын.



Сондай-ақ ол отбасы саласындағы заңнаманы да сынға алып, әйелдің құқығын қорғауға бағытталған нормалар кей жағдайларда отбасылық теңгерімге кері әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.


“Әйелге дауыс көтерген адам жауапқа тартылады. Бұл – қазақ отбасын әлсіретеді,” – деді Беделхан.



Сұхбат барысында ол медиа кеңістікте отбасылық құндылықтарды жеңіл талқылайтын контент көбейгеніне де алаңдаушылық білдірді.