Фото: ҚР МАМ
2025 жылғы 3-7 маусым аралығында Қытайдың Чунцин қаласына қарасты Юнчуань ауданында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің халықаралық кинофестивалі өтуде, деп хабарлайды Ult.kz.
Ауқымды мәдени шара ШЫҰ елдері арасындағы гуманитарлық байланыстарды тереңдетіп, кино саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат етеді.
Фестивальге Қазақстан тарапынан Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және еліміздің танымал продюсерлері мен режиссерлерінен құралған делегация қатысып жатыр.
Биылғы «Алтын Камелия» байқауына 10 елден 20 фильм ұсынылған. Қазақстан атынан екі туынды – «Набат операциясы» және «Ағайындылар» фильмдері көрсетілуде. «Набат операциясы» – режиссер Рашид Сүлейменовтің шынайы оқиғаға негізделген драмасы. Фильм құқық қорғау органдары жүргізген арнайы операцияны арқау еткен. Бұл картина «Қазақфильм» студиясында, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген.
Ал режиссер Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар» фильмі бұған дейін 15-тен астам халықаралық жүлдеге ие болған. Атап айтқанда, Германиядағы Oldenburg халықаралық кинофестивалінде Spirit of Cinema марапатын жеңіп алған. Фильмді Golden Man Media студиясы түсірген.
Фестивальдің қазылар алқасына ШЫҰ құрамындағы елдерден 9 беделді кино маманы енген. Қазақстан атынан продюсер Тасболат Мерекенов қазылар қатарында. Қазылар алқасының төрағасы — Қытайдың белгілі продюсері әрі сценаристі Жэнь Чжунлунь.
Жүлделер он аталым бойынша табысталады, соның ішінде «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік сценарий» және үздік актерлік жұмыс секілді номинациялар бар.
Кинофестиваль аясында 11 негізгі іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында байқау фильмдерінің көрсетілімі, кинофорумдар, кинотехнологиялар көрмесі және салтанатты Гала-концерт бар.