11 қар, 2020 сағат 16:00

Қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт деп нық сеніммен айта аламыз - Назарбаев

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу басында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы мен қалыптасу процесіне тоқталды.

– Ширек ғасырда Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан парламентте өкілдігі бар жалпыұлттық институтқа айналды. Ол азаматтық қоғамға тән әмбебап құрылымның озық үлгісін көрсете білді. Достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуына маңызды үлес қосты, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы.

Елбасы Қазақстанда тиісті заңдар қабылданғанын, соған сәйкес этносаралық және конфессияаралық келісімге нұқсан келтіретін кез келген әрекет конституцияға қайшы келетінін атап өтті. 

– Қазақстанның бұл саладағы саясаты халықаралық талаптарға толық жауап береді. БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты іргелі ұйымдар еліміздің ұлтаралық қатынастар моделіне және ұлт бірлігін нығайтуға бағытталған күш-жігеріне үнемі жоғары баға беріп келеді, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.


Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.

Елбасы мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлі Қазақстандағы барлық этнос тарапынан қолдау тапқанын атап өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті коронавирус індеті эпидемиясы кезінде Ассамблея өкілдерінің халыққа қолдау көрсету бағытында атқарған жұмысын ерекше атап өтті. 

Кеңес барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы қоғам келісімі мен ел бірлігін нығайту жолындағы негізгі міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды.

Елбасы Үкімет тарапынан елдің тұрақты экономикалық дамуына, азаматтардың әлеуметтік жағдайын және жалпы елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар қабылданғанын атап өтті.

– Кәсіпкерлікті қолдау және экономикалық дамудың елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалары бізге миллиондаған қазақстандықтарды тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жолдау - ел өмірінің барлық саласындағы реформалардың ауқымды бағдарламасы іспеттес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Этносаралық қатынастарда жаңа, инклюзивті саясатқа деген сұраныс барын айта келе, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы қоғамды біріктіру үдерістерін тереңдетуге бағытталған іс-шаралар әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.


– Біз бірлік пен келісімнің қазақстандық моделінің интеграциялық әлеуетін тиімді әрі белсенді түрде жүзеге асыруымыз керек. Қазақстанның этностық және мәдени әралуандығын бәсекелік артықшылыққа және елді дамытудың, тәуелсіздікті нығайтудың тиімді тетігіне айналдыру жұмысын жалғастыру қажет. Татулық, келісім мен бірлік мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болып қала береді. Бұл – этносаралық қатынастар саласындағы мызғымас ұстаным және ол өзгермейді, – деді Елбасы.

Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті қазақ тілінің біріктіруші факторға айналып, ел бірлігін одан әрі нығайту үшін әлеуеті зор екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев елдегі ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту үшін қазақ халқының артып келе жатқан тарихи рөлі мен жауапкершілігіне тоқталып өтті.

– Қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт деп нық сеніммен айта аламыз. Халқымыздың басым бөлігі – қазақ. Сонымен бірге өзімізді, ұлттық намысымыз бен қадір-қасиетімізді және тілімізді құрметтей отырып, еліміздің дамуына үлесін қосып жатқан басқа да отандастарымызға құрметпен қарауымыз керек. Қазақстанның және оның барлық азаматтарының мықты және тартымды болашағының бейнесін тек бірлесе қалыптастыруға болады, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы.

Сондай-ақ Елбасы барлық этнос өкілдерін ел өміріне белсене атсалысуға шақырды.

– Халықтың үштен бірі – түрлі этнос өкілдері. Қазақстанның жетістіктеріне қосқан олардың үлесі баршаға аян және біз осы әлеуетті одан әрі арттыруға тиіспіз. Әсіресе, бұл этникалық топтар бір аумақта шоғырланған жерлерге қатысты. Бір жағынан онда осы этностардың дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтау және дамыту үшін тиісті жағдай жасалған. Ал екінші жағынан осы негізде біз мәдени, лингвистикалық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ашық, оқшауланбаған қоғамдастықтарға қолдау көрсетуіміз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ассамблеяның ақпараттық-идеологиялық жұмысында жастар арасындағы толеранттылықты күшейтуге және ксенофобияға қарсы күреске ерекше мән беру керектігін атап өтті.

– Ассамблея елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің ортақ тілегі мен ұмтылысының арқасында құрылды. Ассамблея – бүкіл халқымыз бірлесіп көтерген ортақ бір шаңырақ. Бәріміз оны қастерлеуіміз керек. Біздің интеграциялық моделіміз – әрі қарай өмір сүріп, дами беретін әлеуметтік-мәдени, өркениетті тірегіміз, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы. 

Кеңес отырысы барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының жаңа орынбасарлары таныстырылды: Алматы облысы Ұйғыр мәдени орталығының төрағасы Закиржан Пирмухамедович Кузиев және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Kazakh TV» телеарнасының директоры Бекбаева Мая Төлегенқызы.