10 қыр, 2025 сағат 15:46

Қазақ драма театрына 100 жыл: дәстүр мен заманауи бағыттың тоғысы


Фото: Ашық дереккөз

Бүгінқазақ театр өнері үшін айтулы күн. 1925 жылы 10 қыркүйекте сол кездегі Қазақстан астанасы (1925-1929) Қызылордада қазақтың бірінші ұлттық театры құрылды. Театр шымылдығы 1926 жылғы 13 қаңтарында Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен тұңғыш кәсіби ұлттық театр қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры салтанатты түрде ашылды. Осы орайда Ult.kz тілшісі еліміздегі театрлардың қазіргі ахуалы туралы анықтап көрді.

Аталған өнер ордасында қазақ өнерінің жарық жұлдыздары өнер көрсетті: Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев сынды тарландар ел есінде мәңгі қалды. 1926–1932 жылдары театрға белгілі актер әрі режиссер Жұмат Шанин жетекшілік етті. 1929 жылы театр ұжымы Алматыға қоныс аударып, шығармашылық қызметін сонда жалғастырды. 1937 жылы академиялық мәртебе беріліп, ал 1961 жылы заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді.


Қазақстанда жаңа театр маусымы басталды


Күздің алғашқы айы – қыркүйек Қазақстандағы мәдени өмірдің ерекше бір кезеңін білдіреді. Бұл – театр сүйер қауым үшін жаңа маусымның басталатын уақыты. Елдің түкпір-түкпіріндегі сахналар қайта шымылдығын түріп, көрермендермен қауышуға дайын.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 74 театр жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – 79,7 пайызы – мемлекет меншігінде. Бұл көрсеткіш Қазақстанда театр өнерінің мемлекеттік қолдауға ие екенін аңғартады.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін мәдени кештер өткізетін орындардың көптігі жағынан Алматы көш бастап тұр. Мұнда 22 театр халыққа қызмет көрсетеді. Ал елордада – 10, Шымкент қаласында – 6 театр бар.

Театрлар жанрлық жағынан да әр алуан. Барлығы 40 драма театры, 11 қуыршақ театры, 4 музыкалық театр және 4 опера-балет театры жұмыс істейді. Бұдан бөлек, өзге де бағыттағы сахналық өнер ошақтары бар. Бұл әрбір көрерменнің өз талғамына сай туындыларды тамашалауға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.

Өткен жылы Қазақстан театрларында өткен спектакльдерді 3 миллионға жуық адам тамашалаған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 3 пайызға артқан. Жыл бойы ел бойынша 2 553 қойылым сахналанған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Театр өнеріне деген сұраныс пен қызығушылықтың артып келе жатқаны қуантады.

 

«Бүгінгі қазақ режиссурасы заман талабына сай»


Өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейістің айтуынша, бүгін қазақ театрлары көрерменнің заманауи талғамы мен дәстүрлі құндылықтарын жарасымды үйлестіріп келеді. Қазіргі әлемдік театр өнерінде болып жатқан жаңа үрдістер, біздің театрларымызға да оң ықпалын тигізіп отыр.

Фото: Бақыт Кәкиқызының жеке мұрағатынан


«Әсіресе  жас режиссерлеріміздің жұмыстарында постдрамалық, перформативті және вербатим театр формаларымен спектакльдер қою үрдісі белең алды. Мұндай қойылымдардан ұлттық драмалық мәтінді қайта пайымдау, заманауи әлеуметтік үдерістер мен сахналық кеңістіктегі өзгерістер анық байқалады. Постдрамалық спектакльдердің көбінде көрермен мен сахна арасындағы шекаралар жойылып, көрермендер оқиғаны бақылаушы емес, белсенді қатысушыға да айналып отыр. Яғни, бүгінгі қазақ режиссурасы заман талабына сай, көрермендердің эстетикалық талғамына лайық спектакльдер қоя алуымен ерекшеленіп отыр», – дейді Бақыт Кәкиқызы.


Оның сөзінше, қазіргі театр сахнасы қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді жеткілікті деңгейде қозғауға барынша атсалысып келеді екен. Қазақстандық театр кеңістігінде қоғамдағы әлеуметтік мәселелер үнемі көтеріліп, көрермен санасын жаңғыртып ойын қозғауға зор үлес қосып келеді.


«Мысалы, жас режиссер Әлібек Өмірбекұлының  режиссурасымен қойылған «Қораз» (Ж.Шанин атындағы академиялық драма театры), «Құйын» ( М. Әуезов атындағы Ұлттық драма театры), Д. Жұмабайдың режиссурасымен сахналанған "Медея"  (Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театры) т.б. қойылымдарда бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен қозғалған. Театр өнері қай уақытта болмасын өз репертуарынан қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтеруді назардан тыс қалдырып көрген емес. Қандай шығарманы қойса да, бүгінгі күннің өзекті мәселесін арқау етіп, көрерменмен диалог құруды алдыңғы кезекке шығарып отырады. Театр мен көрермен арасындағы әлеуметтік-коммуникативтік өзара байланыс мықты деп айта аламыз», – дейді өнертанушы Бақыт Нұрпейіс.


Сонымен дәл осы күні қазақтың бірінші ұлттық театры құрылды. Осы орайда «Жалпы театр ұжымы, тетар актеры үшін мерекенің орны қандай?» деген сұрақты Мемлекеттік Қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелдіұлына қойдық. Оның сөзінше, бұл күн барша театр ұжымы үшін ерекше.


Фото: Алмат Амангелдіұлының жеке мұрағатынан


«Қазақстанның театр өнері кеңістігінде Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық драма театрды әдетте «әкемтеатр» деп құрмет білдіре айтады. Бұл сөздің өзі жалпы театр саласындағы мамандардың аталмыш қарашаңыраққа деген ыстық ықыластарын білдіріп тұр.
Бүгінгі күнде елімізде түрлі-түрлі бағыттағы театрлар бар, балет пен опера, қуыршақ, музыка, және тағы да басқа. Әрқайсысы көрермен көзайымына айналсын деп нешетүрлі туындылар ұсынып, шығармашылық жолында аяндай еңбектеніп келеді. Бірақ осындай үлкен саланың қазіргі таңда жоғарғы деңгейінде тіршілік етуі тарихи тұрғыдан қарағанда ұлттық театрдың қалыптасуы кезіне барып тіреледі.
Әлбетте, қазақ даласында ұлтымыздың өз салт-дәсүтріне тән театр сипатындағы өнер көрсету шаралары болды. Бірақ кәсіби деңгейдегі әрі әлемдік форматтағы театр құбылысы елімізде ұлттық театрмен бірге бастау алды. Ұлы жазушымыз Мұхтар атамыздың аты берілген аталмыш өнер ордасына 100 жыл толып жатыр. Яғни қазақтың кәсіби театр өнеріне бір ғасыр болды деген сөз. Бұл, әрине, баршамыз үшін үлкен қуаныш», – дейді Мемлекеттік Қуыршақ театырынң директоры Алмат Амангелдұлы.

 

Мемлекет басшысы мәдениет саласына назар аударуға шақырды

 

Биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуы жолындағы маңызды мәселелерді көтеріп, оның ішінде мәдениет саласына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы қазіргі таңда Қазақстанда 46 аймақтық театр бар екенін, алайда олардың көбі ескірген, жөндеуді қажет ететін ғимараттарда орналасқанын атап өтті.

 

«Семейде бір ғимаратта үш театр сығылысып жұмыс істеп отыр», – деген Президент бұл жағдайдың аймақтардағы мәдени инфрақұрылымның әлсіздігін көрсететінін айтты. Сонымен қатар, ол театр өнеріне халықтың қызығушылығы артып келе жатқанын, көрермен залдарының лық толатынын және премьера билеттерінің бірнеше апта бұрын сатылып кететінін мысалға келтірді.

Президент өз сөзінде ұлттық мәдениет пен театр өнерінің дамуына бизнестің де үлес қосуы маңызды екенін айтты:


«Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Қойылымдардың премьерасына билеттер алдын ала сатылып кетеді. Бұл – қуанышты жағдай. Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар бар. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Қазақстанда театр өнері күннен-күнге жаңғырып, жаңарып келеді. Жаңа маусымның ашылуы бұл тек қойылымдардың басталуы ғана емес, бұл рухани өміріміздің жандануы, халық пен өнердің қайта қауышуы. Театр – ұлттың рухани айнасы. Ол арқылы қоғамның деңгейі мен мәдениеті көрінеді. Сондықтан да театрды қолдау – ұлт болашағына салынған инвестиция.


Ақбота Мұсабекқызы