© Sputnik / Сергей Субботин
85 жасқа қараған шағында қазақ балетінің аңызы, белгілі хореограф, Қазақ КСР Халық әртісі Болат Аюханов бақилық болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мемлекеттік академиялық би театрының мәліметінше, қоштасу рәсімі Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді.
Болат Ғазизұлы Аюханов 1938 жылы 13 қыркүйекте Семей қаласында туған.
Ол А.В. Луначарский атындағы Мәскеу театр өнері институтының балетмейстерлік факультетін бітірген.
Еңбек жолын 1957 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет солисі болып бастаған.
Он жылдан кейін ол Қазақстанда ғана емес, Кеңес Одағында да "Алматының жас балеті" (Молодой балет Алма-Аты) хореографиялық миниатюралар ансамблін құрды. Аюханов оның тұрақты жетекшісі, педагогы, орындаушысы, концертмейстері болды және өмірінің соңғы күндеріне дейін осында жұмыс істеді.
"Болеро", "Қазақ сувенирі", "Батырлар", "Қыз Жібек", "Гамлет", "Кармен-сюита", "Шыңғысхан" және басқа қойылымдарға қатысқан. "Біздің жеріміздің байлығы", "Жауым, тоғызыншы ұлдан қорық", "Түнектің әміршісі", "Айдай сұлу Айсұлу ертегісі туралы" кинофильмдеріне түскен.
100-ден аса рецензия, мақала, сұхбаттың авторы. Қазақ, орыс, түрік, литва, ағылшын және украин тілдерін білген.
Болат Аюхановтың есімі және оның туындылары ХХ және ХХІ ғасырлардағы би өнеріндегі ерекше құбылыс ретінде танылды.