Фото: Sn.kz
Қазақстанда балалар әдебиетін дамыту – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының біріне айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау мен сапалы әдебиетті дамыту мәселесіне айрықша назар аударып келеді. Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағы мен «Өркен» қоғамдық қорының бірлесуімен балалар шығармашылығын қолдауға арналған нақты іс-шаралар қолға алынды, деп хабарлайды Ult.kz.
2025 жылы ұйымдастырылған «Алматының жас жазушысы – 25» байқауы – сол игі қадамдардың бірі. Бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен балалар мен жасөспірімдер қатысып, өз шығармаларын ұсынды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, олардың әдебиетке деген қызығушылығына тың серпін берілді. Ендігі мақсат – осы тәжірибені республика көлемінде жалғастыру.
Балалар әдебиетінің жетекші орталығы – Жазушылар одағы
Қазақстан Жазушылар одағы бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Балаларға арналған сапалы шығармалардың көбеюі үшін тәжірибелі қаламгерлерді осы жанрда жазуға ынталандыру, сондай-ақ жаңа буын жазушыларын қалыптастыру – одақтың алдағы басты міндеттері қатарында.
2026 жылы өтетін «Қазақстанның жас жазушысы» атты республикалық байқау – осы стратегиялық жоспардың нақты бір көрінісі. Байқау екі кезең бойынша өтеді. Алғашқысы қаңтар-наурыз айларында өңірлік деңгейде, ал екінші кезеңі наурыз-сәуірде республикалық деңгейде ұйымдастырылады. Жеңімпаздар Ұлттық кітап күні қарсаңында, 23 сәуірде марапатталады. Олардың шығармалары баспасөзде жарияланып, кеңінен насихатталатын болады.
«Ертөстік» халықаралық сыйлығы тағайындалады
Байқаумен қатар, балалар әдебиетінің мәртебесін көтеру үшін халықаралық «Ертөстік» әдеби сыйлығы тағайындалмақ. Бұл бастама – қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде танымал етуге бағытталған маңызды қадам. Сонымен бірге, Халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына орай арнайы тақырыптық байқау өткізу де жоспарға енгізілді.
Аймақтық қолдау мен инфрақұрылымдық шешімдер
Жазушылар одағының облыстық өкілдіктері жергілікті мәдениет, білім басқармаларымен бірлесіп, байқауды насихаттау мен өткізуге тікелей атсалысады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын қолдау мақсатында мектеп кітапханалары үшін арнайы бағдарлама әзірленбек. Жазушылардың аймақтарға іссапарлары кезінде байқау жұмыстарының барысы туралы есеп беру де міндеттелген.
Цифрлық дәуірдегі әдебиет: анимация, аудиокітап, мультфильм
Балалар әдебиетін тек кітаппен шектемей, оны қазіргі заманғы медиамен үйлестіре отырып дамыту көзделуде. Бұл мақсатта аудиокітаптар, анимациялық фильмдер мен деректі жобалар жасау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, республикалық телеарнада балалар әдебиетіне арналған арнайы бағдарлама ашу да қолға алынады.
Ынталандыру мен марапаттау жүйесі жаңғыртылады
Жазушылардың шығармашылық еңбегін бағалау үшін жаңа марапат жүйесі қалыптасып, «Үздік балалар жазушысы» сынды жаңа атақтар беріледі. «Қазақстанның жас жазушысы» және «Үздік балалар жазушысы» мүсіншелері арнайы әзірленіп, жеңімпаздарға табысталмақ.
Комиссия құрылады, сайт жаңартылады
Балалар әдебиетін жүйелі дамыту үшін Жазушылар одағы жанынан арнайы комиссия құрылып, оған көрнекті қаламгер Мәди Нүсіпбаев төрағалық етеді. Комиссия байқау өткізу, жас авторларды қолдау, әдеби кеңестердің жұмысын үйлестіру сынды маңызды міндеттерді атқарады. Сонымен қатар одақтың ресми сайты жаңартылып, балалар әдебиетіне арналған арнайы бөлім ашылады.
Қазақ балалар әдебиеті – ұлттық болмыстың негізі, жас ұрпақтың дүниетанымы мен тіл байлығының қайнар көзі. Осы салаға жасалып жатқан нақты қадамдар мен мемлекеттік қолдау – ел болашағына салынған инвестиция. Балаларға арнап жазу – болашақпен тілдесу. Ендеше, осы бағытта жасалып жатқан игі істер елдің рухани іргесін нығайта түсері сөзсіз.
Ақбота Мұсабекқызы
