27 қар, 2025 сағат 13:51

Қайырымдылық қорлары қателессе, халық сенімі жоғалады: Алматыда тағы да дау туды

 

Фото: aikyn.kz


Алматыда қайырымдылық саласындағы тәртіп тағы бір рет қоғам назарын аударды. Қайырымдылық қорының директоры кәмелетке толмаған баланы базарда ақша жинауға жіберіп, заңды айналып өтпек болған, деп хабарлайды Ult.kz.

 

Бұл әрекет қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, қайырымдылық жұмысындағы ашықтық пен адалдық мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды.

 

15 жастағы жасөспірімнің базарда қаражат жинап жүргенін анықтағаннан кейін, қор басшысына ҚР ӘҚБтК-нің 128-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сотта директор кінәсін толық мойындады. Жиналған дәлелдер мен кәмелетке толмаған баланың сөзі құқық бұзушылықтың болғанын растады. Нәтижесінде сот айыпты деп танып, оған 50 АЕК, яғни 196 мың теңгеден астам айыппұл салды.

 

Бұл оқиға халықтың қайырымдылық ұйымдарына деген сеніміне сызат түсірген бірнеше жағдайдың бірі ғана. Соңғы жылдары қайырымдылық қорларының қызметі, олардың қаржылық тәртібі, есептілігі жиі талқыға түсіп жүр.

 

Қайырымдылық қорлары қаржыны қалай жұмсауы керек?

 

«Қайырымдылық туралы» заң ұйымдарға түсетін қаржының қайда бағытталуы тиіс екенін нақты көрсетеді. Заңның 12-бабы бойынша кірістер:

 

бір реттік немесе бірнеше қайырымдылық көмекке;
ұзақ мерзімді бағдарламаларға;
әлеуметтік жарнамаларға;
ұйым қызметін жүзеге асыруға жұмсалуы мүмкін.

 


Алайда ең маңызды тұсы әкімшілік-басқарушылық шығындардың нақты лимиті заңда көрсетілмеген. Бұл әрбір қордың өз ішкі ережесіне қалдырылған. Тек нысаналы капиталдың (эндаумент) басқару шығындары жылдық кірістің 20%-ынан аспауы керегі жазылған.

 

Сонымен қатар, әрбір қайырымдылық ұйымы жылына кем дегенде бір рет атқарылған жұмыстар туралы есепті БАҚ-та немесе ресми сайтында жариялауға міндетті. Бұған қоса, ҮЕҰ дерекқорына есеп тапсыруы тиіс.

 

Қорларды кім бақылайды? Жүйе неге әлсіз?

 

Алматы – қайырымдылық ұйымдарының ең көп шоғырланған қаласы. Бірақ ашықтық пен есептілік мәселесі көп жылдар бойы шешімін таппай келеді. Биыл жүргізілген тексерістер нәтижесінде қаладағы 26 қордың тек 11-і ғана нақты жұмыс істейтіні анықталды, қалған 15-і көрсетілген мекенжайда жоқ.

 

Қоғам сенім артып тапсырған ақшаны мақсатсыз жұмсау, қаржылық есептің болмауы, күмән тудыратын акциялар, мұның бәрі бақылаудың жеткіліксіздігінен туындайды. Мәселен, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорына қатысты дау қоғамды дүр сілкіндірді. Қордың қаржысы туралы сауалдарға нақты жауап берілмеген соң халық ашық есеп талап етті. Бұдан кейін қордың құрылтайшысы Перизат Қайрат 1,5 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталды.

 

Бұл – жүйедегі олқылықтардың көрінісі. Ресми деректер толық болмаса да, елімізде шамамен 1300-ден астам қайырымдылық ұйымы тіркелген. Бірақ олардың көпшілігіне мемлекеттік бақылау жоқ. Қорлардың қызметі негізінен қоғамдық бақылауға ғана сүйенеді.

 

Заң ескірді, жүйе өзгерісті талап етеді

 

Қайырымдылық саласының мамандары 2015 жылы қабылданған «Қайырымдылық туралы» заң қазіргі жағдайға сай емес екенін айтады. Қоғамдағы өзгерістер, қорлардың көбеюі, жаңа технологиялар мен қаржылық ағындардың күрделенуі заңды жаңартуды қажет етеді.

 

Қайырымдылық – қазақтың ежелден келе жатқан асыл қасиеті. Бірақ заманауи қайырымдылық ашықтық пен есептілікті талап етеді. Жасөспірімді базарда ақша жинаттырған оқиға саладағы тәртіпсіздіктің бір ғана мысалы. Қайырымдылықты қолдайтын халықтың сенімі сынға түспеуі үшін бақылау мен заңнаманы жетілдіру – бүгінгі күннің талабы.